Қоғам

Әскери киім тігін фабрикадағы жұмысшы кадрларды даярлайтын орталықтан 15 тігінші мамандық алды

Сергей Рощин – “Әскери киім тігін фабрикасы” ЖШС тігіншісі:

-Қазіргі кезде фабрикадағы қызметкерлер балаларға арналған киімдерді тігіп жатыр. Курс барысында тігін ісінің біз біле бермейтін тұстарын білуге мүмкіндік болды. Сол себепті, ісмерлерге жұмыстан қол үзбей, оқып-үйренуге жағдай жасап, әрбірімізге қолдау көрсеткен басшылыққа алғысымды білдіремін.

Осылайша, кәсіпорын жанында ашылған жұмысшы кадрларды даярлау орталығы алғашқы 15 түлегін қанат қақтырды. Жұмасына 5 рет практикалық және 1 күн теориялық білімдерін шыңдаған ісмерлер, өз ісінің хас шебері деген атқа толықтай сай.

Наталья Фирсова – “Солтүстік Қазақстан оқу-өндірістік комбинаты” ЖШС өндірістік оқыту бойынша шебері:

-Солтүстік Қазақстан оқу-өндірістік комбинаты” серіктестігінің оқытушылары тігіншіліктің қыр-сырын 4 пән бойынша 3 ай көлемінде үйретті. Білім беру бағдарламасын Әскери киім тігін фабрикасының басшылығымен бірлесе отыра шештік. Жұмысшы мамандық иелерін даярлайтын орталықтың арқасында енді кенжелеп қалған кәсіпті меңгеруге тілек білдіретіндер саны артады деп ойлаймын.

Сәуір айында тігін орталығында тағы 26 жерлесіміз осы мамандықты меңгеріп, білімдерін пысықтамақ.

 

Бакыт Садуакасов