Қоғам

Шаһар басшысы Марат Тасмағанбетов саяжай қауымдастығының төрағаларымен жиналыс өткізді

Марат Тасмағанбетовтың айтуынша, қалалықтар бір жылда тұтынатын көкөніс пен жеміс жидектердің 40 пайызға жуығы саяжайларда өсіріледі екен.

Марат Тасмағанбетов -Петропавл қаласының әкімі:

– Қала тұрғындары жылда тұтынатын картоптың 40 пайызы, жемістің 30 және көкөністің 32 пайызы саяжайларда өсіріледі. Сондықтан біз бағбандардың мәселесін шешуге айрықша көңіл аударамыз.

“СҚО Автокөлік одағы” қауымдастығының төрайымы Галина Семенованың айтуынша, сажайларға биыл да автобустар бекітілген кесте бойынша қатынамақ. Десе де кей саяжайларға баратын жолдар нашар әрі қаладан алыс орналасқан. Сондықтан жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын бірен-сараң компаниялар жол ақысын 5 теңгеге көтеруді ұсынып отыр. Бұл өтінішті әкімдіктегілер хаттамаға түртіп алды.

Валентина Шишкина – “Каштан” бағбандық серіктестігінің төрайымы:

– Былтыр қалалық әкімдік өтінішімізді жерде қалдырмай, “Каштан” бағбандық серіктестігіне баратын жолды жөндеді. Автобустар кестемен қатынап тұрады. Енді “Каштан” саяжайына жарық сымдарын тарту үшін қаражат керек. Оған жобалық сметалық құжат дайын.

Шаһар басшысы Татьяна Шишкинаның өтінішін орындауға уәде берді. Жиналыста өзге де бағбандық қауымдастықтардың басшылары әкімге ұсынысын айтты. Көбін саяжайларға апаратын жолдардың нашарлығы алаңдатуда.

Мереке Мұхамедьяров – қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің жетекшісі:

– Үстіміздегі жылы 13 бірдей бағбандық серіктестікте қала арасын жалғайтын жолдар тегістеліп, қиыршық тастар төселеді. Тағы 9 бағбандық серіктестікке апаратын жолдардың кей учаскелеріне тас төселеді. Негізі биыл саяжай жолдарын қалыпқа келтіруге жиынтық құны 23 млн 900 мың теңгеден астам қаражат жұмсалады.

Саяжайға баратын жолдарды қалыпқа келтіру жұмыстары сәуірдің ортасында басталады. Шаруының тиянақты орындалуын бағбандар өз бақылауына алуға тиісті.

Марат Тасмағанбетов -Петропавл қаласының әкімі:

– Жақында саяжайдағы жолдарды жөндеумен айналысатын мердігер компанияны анықтап, қажетті материалдарды бөлеміз. Саяжай серіктестіктерінде арнайы бақылау тобын құрыңдар. Олар жолдағы жұмысты басынан-аяғынан дейін өз бақылауларына алсын. Артынан мердігерлер жолды нашар жөндеді деп бізге шағымданып келуші болмаңыздар.

Биыл қалалық әкімдік жанынан саяжайшылардың қоғамдық кеңесі құрылды. Оған тәжірибесі толысқан 19 бағбандық қауымдастықтың төрағасы мүшелік етеді. Алдағы уақытта биліктегілер осы кеңестің көмегімен қордаланған мәселерді бірлесіп шешпекші.

Берік Қасен