Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлдағы жер үйлерге еріген қар суы еніп жатыр

Малыхиндер жанұясы екі күннен бері туыстарын сағалап жүр. Баспаналарына қызыл су еніп кеткен, қазір оның деңгейі тобықтан асады. Отағасы Николай суды шелектеп, далаға тасуымен әлек.

Николай Малыхин – Жұмысшы кентінің тұрғыны:

– Баспанамыз ешқашан суға толған емес. Өз басым мұның барлығы көше бойындағы суағарлардың тазаланбауынан деп есептеймін.

Осы аудандағы Щорс көшесі 58-ші үйдің тұрғыны Антонина Босняк, мына баспананы 50 жылдан бері паналап келеді. 82 жасар тыл еңбеккері 3 жылдан бері көктемде еріген қар суының астында қалып келеді. Биыл да тұрғын үйдің жертөлесі 2 күн ішінде қар суына толып, зейнеткердің қайғысын үдете түсті.

Антонина Босняк – Жұмысшы кентінің тұрғыны:

– Түс кезінде жертөлеге жиналған суды сору үшін арнайы көлікті 2500 теңге төлеп шақырттым. Бірақ машина кеткесін, бір сағаттан соң үйдің астына су қайта ене бастады. Қартайғандықтан қызыл суды сыртқа шығаруға шамам келмейді.

Қария таңғы сегізден қалалық әкімдіктегі жауапты мекемелерге қоңырау шалып, ол жақтан мәселесіне қатысты тұшымды жауап ала алмапты. Ал кешкісін Антонина Босняктың жертөлесіне енген суды, арнайы көлікпен келген өрт сөндіру қызметкерлері сорғымен сорып алыпты. Осы маңайдағы үй иелері бар мәселе көрші үйдің жанынан өтетін суағардың бітелуінде дейді.

Андрей Батяев – Жұмысшы кентінің тұрғыны:

– Ағын су өтетін жол болмағандықтан қазір біраз үйлердің аулары суға толып жатыр. Оған себепкер мына үйде тұратын көршіміз. Ол көшіп келмей тұрғанда үйлімзге су жиналмайтын. Көршіміз өз үйінің жанынан өтетін арықты топырақпен жауып, бітеп тастады. Зардабын біз көріп отырмыз.

Қызыл су Ойқала ауданындағы тұрғындардың жүріп-тұруларына да қиындық келтірді. Мысалға, Потанин мен Тугачевский көшелерінің қиылысындағы мына барак типтес ескі баспана маңайын жақында су басыпты. Жертөле мен аулаға қызыл су енген үйлердің бірінде Түмен облысынан 2003-ші жылы ата жұртқа қоныс аударған Айман Нұржанова мекен етіп келеді.

Айман Нұржанова – Ойқала ауданының тұрғыны:

– Енді міне еріп жатыр. Қазір дәретханаға бара алмайсың, күллі аула суға толып кетті. Есіктің алды да солай. Тіпті еденннің астына да кіріп жатыр, қалай тоқтатарымды білмеймін. Денсаулығым болса, жоқ.

Баспана иелері бар гәп Потанин көшесі бойындағы арықтардың қараусыз қалуында деп отыр. Бұған қоса қызыл су ағатын жолды қалыпты жағдайда ұстап тұруға міндетті қызметтегілер “ертең келеміз” деп құр бос уәдемен тойдырып жүрген көрінеді. Жалпы біздің редакциямызға соңғы 2 тәулікте көмек сұрап хабарласып жатқан петропавлдықтар қатары жиіліп кетті. Дені Береке мен Жұмысшы кентінде орналасқан үй тұрғындары.

 

Бакыт Садуакасов