МТРА жаңалықтары

Биыл СҚО-да 360 шақырым жол төселмек

Оның 5-уі халықаралық, 27-сі облысаралық және 25-і қалалық бағыттарда. Сондай-ақ, биылдан бастап тұрақты жолаушы тасымалымен 630 елді мекен қамтылған.

Бейбіт Исманов – СҚО жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының жетекшісі:

– Облысымызда барлығы 678 елді мекен бар. Бүгінде оның 630-ы тұрақты автомобиль тасымалымен қамтылды. Ал қалған 48-інде бұл жұмыстар әлі жүргізілген жоқ. Өйткені, ол тиімсіз. Мәселен, бір ауылда 50 жан тұрса, олардың негізгі бөлігінің өз көлігі бар.

Айту керек, СҚО аймағын дамыту бағдарламасына сай өңірімізде 2020-шы жылға дейін 11 автостанция заманауи стандарттарға сай қалыпқа келтіріледі. Ал Новоишимское, Саумалкөл және Тайынша қаласында жаңа автобекеттер тұрғызылмақ.
Сонымен қатар, биыл Петропавл әуежайында ұшақ жолдарының құрылысы аяқталады деп жоспарланған.

Бейбіт Исманов – СҚО жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының жетекшісі:

– Халықаралық Петропавл әуежайы жыл сайын Алматы және Астана қалаларынан әуе кемелерін қондырып, ұшырады. Бұл мақсатта республикалық бюджеттен 2015 жылы 178 млн, және тағы 125 млн теңге қаражат бөлінді. Ал биыл нысандағы құрылыс толығымен аяқталады. Мәселен, сәуір айының соңында әуежай 1 айға өз жұмысын тоқтатады. Бұл уақытта қосымша ұшу жолағы іске қосылмақ.

Бейбіт Исмановтың айтуынша, бүгінде облысымыздан әуе кемелерін ұшыруға байланысты Германия мен Түркия сынды бірнеше мемлектен ұсыныстар келіп түсуде.
Жиын барысында БАҚ өкілдерін өңірдегі жол мәселесі қызықтырды. Қаладағы жолдардың дені күрделі жөндеуді қажет етеді.

– Бескөлге күніне бірнеше рет қатынаймын. Көлігінің сау жері қалмады. Оны жөндеуге қанша қаражат жұмсалады. Мына жолды тезірек қалыпқа келтірсе екен.

– Дәл қазір жол құрылысымен айналысатын кәсіпорындар жұмысты бастауға әзір. Бірақ олар қардың еріп, ауа райының бір қалыпқа келуін күтіп жүр.

Бейбіт Исманов – СҚО жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының жетекшісі:

– Тайынша-Чкалова бағытындағы жол жөнделеді. Бұл жұмысқа 970 млн теңге қарастарылған. Сонымен қатар, біраз көпірлер де жаңартылмақ. Ал Горный-Антоновка бағытында салынған жол қайтадан қалпына келтірілетін болады. Өйткені өскемендік мердігерлер жұмыстарын талапқа сай орындамай шықты. Жол берілген 3 жыл кепіл мерзімінен бұрын бұзылды. Енді олар қателерін түзетуге міндетті.

Жүргізушілердің көптен күтіп жүрген жолдарының бірі, міне, Астана-Петропавл бағыты. Биыл бұл жөндеу жұмыстарын «Казпако» компаниясы толығымен аяқтамақ. Енді бар болғаны 76 шақырымды еңсерсе болғаны.

– 2016 жылы өңірде облыстық және аудандық автожолдарды жөндеу үшін 5 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалмақ. Оның 3 млрд теңгеге жуығы облыстық бюджет есебінен бөлінген.

Айгерим Ержанова