Қоғам

Петропавлда оқушылар арасында облыстық кәсіби шеберлік байқауы ұйымдастырылды

Мына өндірістік кешенде өңірдің білім ошақтары мен түзету мектеп-интернатының тәрбиеленушілері
тәтті-дәмді тағам пісіруден жарысуда. Аспаздар сайысына қыздардан бөлек ұлдар да қатысуда. “Даму” мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған №2 арнайы мектеп-интернатының 10-сынып оқушысы Кирилл Калинин үй жағдайында қолдан тамақ пісіргенді ұнатады. Айтуынша, күнде ертесімен тұрып таңғы ас дайындап, мереке, туған күндерге торт әзірлеуге дағдыланыпты.

Кирилл Калинин – “Даму” мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған №2 арнайы (түзету) мектеп-интернатының оқушысы:

-Бұл байқауда мен өзге сайыскерлер сияқты орыстың зразы тағамын әзірлеудемін. Нақтылап айтқанда, ет пен картоп езбесін қуырып жатырмын. Бұл тағамды пісіру үшін шамамен 20 минут уақыт кетеді. Маған берілген тапсырма қиын емес. Болашақта аспаз болғым келеді. Сондықтан, қазірден түрлі сайыстарға қатысып, білімім мен біліктілігімді шыңдау үстіндемін.

Байқауға 5 пен 11-сынып оқушылары қатыстырылуда. Тәжірибелік кезең бойынша сайыскерлер бар-жоғы үш сағаттың ішінде ыстық тағам, салат және десерт әзірлеулері тиіс.

Гауһар Мусина – қазылар алқасының мүшесі, Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің оқытушысы:

-Сайыс кезінде біз техникалық-қауіпсіздік ережелерінің сақталуын, тағам әзірлеуде техникалық талаптардың орындалуын ескереміз. Және тағамның дәміне оның эстетикалық безендірілуіне де айрықша көңіл бөлеміз. Осы критерийлерден мүдірмей өткендер жеңіске жетеді.

Бұдан бөлек сайыскерлер торт пісіріпті. Бұл олардың үй тапсырмасы болатын. Ал мына өндірістік кешенде ұлдар ағаш, фанера, шеге, желім сынды материалдарды пайдалана отырып ұсақ-түйек салатын қорапша құрастыруда. Мұнда да тапсырманың жіті орындалуын қазылар алқасы қадағалап жүр. Нұрпейіс Өмірзақ қорапшаны дәл сызбада көрсетілгендей етіп әзірлеуге тырысуда. Бірақ, бұрыштарын жалғау қиынға соғуда дейді.

Нұрпейіс Өмірзақ – Архангельсоке орта мектебінің оқушысы, Қызылжар ауданы:

-Қорыпты жасап жатқаныма 1,5 сағат болды. Қазір мен екі жақ бетін фонерамен жауып жатырмын.

Шеберлер сайысында кімнің қорабы сызба бойынша қатесіз орындалса, сол жеңбек. Байқау үздіктері диплом мен бағалы сыйлықтармен марапатталады.


Берік Қасен