Денсаулық сақтау

“Айна көз” көз орталығының ашылғанына 17 жыл толды

Әмина Мәдиева – облыстық аурухананың дәрігер-офтальмологы:

-Орталықты 17 жылдығымен құттықтай отыра ұжымға табысты еңбек тілеймін. Бұл мереке күні барлық офтальмологтар жиналып, тәжірибе алмасып жатырмыз. Арнайы тренингке де қатысамыз.

Бұл күні орталықтағы емделушілер ақ халаттыларға өздерінің жылы лебіздерін білдіріп, алғыстарын жаудырды. Өйткені, дәрігерлер оларға әлемді өз көздерімен екінші рет көру мүмкіндігін сыйлады. Мәселен, Лидия Калинина «Айна көз» орталығы мамандарының көмегіне осыдан 8 жыл бұрын жүгінген. Сол кезде зейнеткердің көзінде бірнеше аурудың бар екені анықталған.

Лидия Калинина – емделуші:

-Мен бірден бірнеше ауруға шалдықтым. Ешбір дәрігер мені емдеуге асықпады. Ал мына орталықтың дәрігерлері маған көмектесті. Ота жасап, емдеп шығарды. Көзімнің өте жақсы көретініне міне, 8 жыл болды. Рахмет. Тіпті, көзілдіріксіз тамаша оқи аламын.

«Айна көз» орталығын офтальмологияда 40 жыл өтілі бар Любовь Леонтьева ашқан. Бүгін ұжымның ұйымшылдығының арқасында 5 дәрігер мен 7 орта білімді маман емделушілерге мамандандырылған көмектің барлық түрін көрсетеді. Балалар ды, ересектерді де қабылдайды. Айту керек, мұнда жыл сайын жүздеген жаңа туған сәбиге де ота жасайды. 17 жыл ішінде орталық мамандары Қазақстан мен өзге елдерден келген мыңнан астам адамның көру қабілеттерін қалпына келтірген.

Любовь Леонтьева – «Айна көз» көз орталығының директоры:

-Катарактаны емдеп, ота жасаймыз. Туғаннан нашар көретін жандардың да жанарларын қалыпқа келтіре аламыз. Тіпті, арнайы линзаларды да орнатамыз.

Орталықта глаукоманы емдеп, қылилықты түзейді. Қабаққа ота жасап, көзге жұмсақ хрустальдар орнатады. Алғашқы тексеру 2-3 сағатқа дейін созылады екен.
Бұл жерде 25 адамға шақталған тәуліктік және 10 кісіге арналған күндізгі стационар бар. Мамандар мемлкеттік тапсырыспен де жұмыс жасайды. 10 жыл қатарынан аптаның әр жұмасында қант диабетіне шалдыққандарды қабылдайды. Мәселен, Үмітжан Шахмаратова бұл мекемеге алғаш рет 2009-шы жылы келіп, ота жасатқан. Содан бері зейнеткер тек осы жердегі мамандардың көмегіне жүгініп, емін қабылдайды екен.

Орталық толығымен жаңа құрылғылармен жабдықталған. Дәрігерлер фундус камера, жапондық микроскоп және компьютерлі томографпен жұмыс жасайды. Тексеру уақыты небәрі 5-20 минутқа дейін созылады.

Сергей Бородкин – «Айна көз» көз орталығының дәрігер-офтальмологы:

-Мына құрылғыны біз 1 жарым жыл бұрын алдық. Өте тиімді аппарат. Уақыт та аз жұмсалады. Қосымша анастезилогиялық тексерісті қажет етпейді. Көз жанарын бұл құрылғы арқылы анықтап көруге болады. Барлығын нақты көрсетеді.

Жыл сайын мұндағы дәрігерлер Қазақстан мен Ресей, Украина және Ұлыбританиядағы алдыңғы қатарлы емханаларда біліктіліктерін арттырып тұрады. Орталық «Медицина мақтанышы» сертификаты, «Медицина саласындағы еңбегі» ордені мен «Сезімтал жүрек» медалін иеленген.

 

Айгерим Ержанова