Спорт

Петропавлда WSB аясында «Astana Arlans» бокс клубы өзінің жекпе-жегін өткізді

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Құрметті жерлестер! Бүгін теріскей өңірінде айтулы спорт мерекесі өткелі отыр. Ел абыройын қорғайтын жігіттер намысты қолдан бермейді деген сенімдемін. Біз олардан ерен ерлік, жарқын жеңіс күтеміз. Командаларға сәттілік тілеймін.

Сонымен шаршы алаңның шаңын қаққан спортшылардың бәсекесі де басталды. Ең алдымен 49 келі салмақтағы қазақстандық Мардан Берікбаев пен мұхит асып келген Джон Ортиз жұдырықтасты. Пуэрториколық былғары қолғап шебері арыстанша атылғанымен оны астаналық арлан қарымта соққыларымен тосып алып отырды. Осылайша отандасымыз өз қоржынын ұпайлармен толықтыруда. Айта кету қажет, Мардан Берікбаев арландар сапында екі жыл өнер көрсетіп келеді. Осы уақыт аралығында спортшы алты мәрте ринг төріне шығып, сонша рет жеңімпаз атанған. Тәжірибесі мол боксшы шымылдықашар кездесуде де пуэрто-рикалық Джон Ортизді бес раунд бойы жұдырық астына алып, айқын басымдықпен тізе бүктірді.

Мардан Берікбаев – «Astana Arlans» бокс клубының боксшысы:

-Жекпе-жек тартысты өтті. Жаттықтырушыларымның сенімін ақтадым.

Ал келесі болып шаршы алаңның көрігін қыздыруға 56 келі салмақтағы Нұрсұлтан Қосшығұлов пен Эдгардо Ролон шықты. Астаналық арлан 19 жасар пуэрториколыққа раундтың басынан-ақ кімнің қожайын екендігін көрсетіп бақты. Көкшетау қаласының тумасы жас қарсыласының тегеурініне қарамастан сағын сындырды. Алғашқы раундта аздап басымдықты мұхит асып келген қонақтың қолына беріп қойса, қалған кезеңдерде жіберген есесін қайтара білді. Осылайша, Мардан Берікбаев бастаған жеңісті жорықты Нұрсұлтан Қосшығұлов қостады. Арландар – алда.

Эдгардо Ролон – «Puerto Rico Hurricanes» бокс клубының боксшысы:

-Қарсыласым мықты болды. Маған жеңуге ешқандай мүмкіндік бермеді. Үшінші раунда аздап шаршап, бірнеше соққы жіберіп алдым. Бұл ретте қазақстандық боксшының шеберлігін айта кеткен жөн.

Үшінші жұп болып 64 келіде команда капитаны Самат Бәшенов пен жұдырықтасатын Янкарлос Ривера түрлі себептерге байланысты бүгінгі кешке келе алмады. Сол себепті, төрешілер жеңісті арландарға берді. Осылайша, қазақстандық боксшылар пуэрториколықтардан басым түсті. Бірақ, соңғы есеп қалай тіркелері белгісіз. Алда әлі екі жұп бар. Мұнда да астаналық арландар өз қарсыластарын қалпақпен ұрып алды. Ең әуелі 91 келідегі жас спортшы Мұхамеджан Еркін Иван Росадоны бірінші раундта техникалық нокаутпен сұлатып салса. Кейін ағасының жолын 18 жастағы Әбілхан Аманқұл жалғастырды. Бұл боксшының арландар сапындағы алғашқы жекпе-жегі болатын. Кештегі ең жас спортшысы бапкердің үмітін ақтап, жұдырықты жаудырып тұрып Рауль Санчесті сенімді түрде айқын басымдықпен жеңді.

Әбілхан Аманқұл – «Astana Arlans» бокс клубының боксшысы:

-Бокспен 8 жылдан бері айналысамын. Astana Arlans» бокс клубының қатарына жаңадан қосылып жатырмын.

Осылайша, астаналық арландар Пуэрто Рико Харикэнсті 5-0 есебімен тізе бүктірді. D тобындағы отандастырымыз бес кездесу қорытындысы бойынша 12 ұпаймен 2-ші орынға тұрақтады. Ал олардың алдында 13 баллмен «Өзбек жолбарыстары» тұр.

Нұрлан Ақүрпеков – «Astana Arlans» бокс клубының бас бапкері:

-Жігіттердің жекпе-жектеріне ризамын. Олардың барлығы сәтті өнер көрсетті. Алайда, әлі де жаттығу қажет.

Ал астаналық арландардың келесі жекпе-жегі сәуірдің 2-сі күні Өскемен қаласында «Өзбек жолбарыстарына» қарсы өтеді.

 

Култанов Байболат