Наурыздың 27-і – Халықаралық театр күні

Мәдениет

3:21 28 Наурыз 2016

Николай Корякин – Н.Погодин атындағы орыс драма театрының суретші-құрастырушысы:

-Көрме ҚР халық әртісі, сан алуан рөлдерді ойнаған Иван Арчибасовтың құрметіне арналған. Залда театрда сахналанған спектакльдер мен актерлердің біраз суреттері жайғастырылған. Шеберлікпен салынған 37 жұмыстың әрқайсысын келушілер сүйсіне тамашалауда.

Сондай-ақ, жұртшылық назарына әртістердің әр театр маусымында киген киімдері де ұсынылды. 18, 19-ғасырлардың нұсқасында жасалған бұйымдар – суретші-тігінші Светлана Таныгинаның еңбегі.

Светлана Таныгина – Н.Погодин атындағы орыс драма театрының киім бойынша сәндеушісі:

-Мұнда балаларға арналған халық ертегілері мен түрлі қойылымдардағы ересектердің костюмдерін көруге болады. Қолдан жасалған киімдер ауыр болып келеді. Сондықтан, бір заттың өзін тігуге 1 айға дейін уақыт жұмсалады.

Кейін театрға жиналған өнерсүйер қауым көрмеден залға асықты. Мұнда “Забыть Герострата” трагикомедиясы алғаш рет сахналанғалы отыр.
Әуелі 8 актерге Иван Арчибасов атындағы сыйлық табысталды. Сахна адамы үшін деңгейі жоғары саналатын жүлдені иеленгендердің бірі – Алексей Никулин. Ол осы театрда 10 жылдан астам уақыт еңбек етіп жүр.

Алексей Никулин – Н.Погодина атындағы орыс драма театрының әртісі:

-Бүгін халықаралық театр күнінде қос бірдей марапатқа ие болып отырмын. Қуанышымда шек жоқ. Менің ойымша, нағыз актер үнемі ізденіс үстінде жүруі тиіс. Сонда ғана белгілі бір нәтижеге жетіп, халықтың қошеметіне бөленуге болады.

Бұдан соң, театрда жыл бойына жемісті еңбек етіп, түрлі рөлдерді сәтті ойнап шыққан актерлерге облыс әкімінің алғыс және құрмет грамоталары табыс етілді.
Бұдан кейін солтүстікқазақстандық өнерсүйер қауым “Забыть Герострата” трагикомедиясын тамашалады.

Тарихи қойылым – б.з.д. 4-ші ғасырдағы Грекия елінің Эфест қаласында өмір сүрген саудагер Герострат жайында өрбиді. Ол өзінің атын шығару жолында сол мемлекетте бір ғасыр бойы халыққа қызмет етіп жатқан Артемида шіркеуін өртеп жібереді. Осылайша, көпшіліктің қарғысына іліккен Герострат тарихта қалып, қойылымда адам баласының ашу үстінде қандай пасық әрекеттерге баратындығы баяндалады. 2 бөлімнен тұратын спектакльді петропавлдықтар үзбей басынан-аяғына дейін қызықтады.

-Спектакль көңілімнен шықты. Әртістер өз рөлдерін айна-қатесіз орындап, көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

-Ерекше қойылымдардың бірі. Маған ұнады. Актерлерге шығармашылық табыс тілеймін.

Бакыт Садуакасов