Спорт

“Astana Arlans” пен “Puerto Rico Hurricanes” боксшылары WSB жекпе-жегі аясында баспасөз мәслихатын ұйымдастырды

Руслан Есеналин – СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

-Бокс кешінің ұйымдастырылуына барлығы дайын. Арландардың біздің қаламызда жұдырықтасуы өскелең ұрпақтың спортқа бет бұруына үлкен серпіліс береді. Қазір теріскейден шыққан шаршы алаң шеберлері бізде бар болғанымен, арландар сапында ел намысын қорғайтындар жоқ. Болашақта ондай саңылағымыз шығады деген сенімдемін.

Жалпы қазақстандық “Astana Arlans” командасының бас бапкері Нұрлан Ақүрпековтың айтуынша жұдырық түйістіретін жігіттеріміз сақадай сай. Арасында шаршы алаңға 75 келі салмақ дәрежесінде алғаш рет шыққалы тұрған Әбілхан Аманқұл да бар. Спортшы үмітімді ақтайды дейді команданың бас бапкері.
Ал пуэрто-рикалық қонақтар бұл кездесуге бір боксшысыз келіп отыр. 64 келі салмақ дәрежесіндегі спортшы Янкарлос Ривера түрлі себептерге байланысты өз елінде қалыпты. Сол себепті, арландар сапындағы Самат Башенов техникалық жеңіске жетіп отыр. Оған қарамастан “Puerto Rico Hurricanes” командасының бапкері Мануэль Пабон жеңіске жетуге тырысамыз дейді.

Мануэль Пабон – “Puerto Rico Hurricanes” бокс клубының бапкері:

-Қазір 75 келі салмақта жұдырықтасатын бір боксшымыз әлі жолда. Әуе компаниясымен келіссөздер дұрыс жүргізілмегендіктен кештеу келетін болды. Спортшымыз қазір Астана қаласында қонақүйге жайғасыпты. Және де дайындалу үшін залмен де қамтылыпты. Ертең бұл командаға айтарлықтай қарсылық танытып, жеңіске жетуге тырысамыз. Бірақ, ол қиын болады.

Сонымен, WBS бүкіләлемдік бокс сериясындағы “Astana Arlans” пен “Puerto Rico Hurricanes” арасындағы жекпе-жек сенбі күні сағат 17-00-де “Жеңіс” БЖСМ-де өтеді. Шаршы алаңдағы жұдырықтасуды әлемнің 45 елі тікелей эфирден тамашалайтын болады.

 

 

Риат Шони