Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов Шал ақын және Ғ.Мүсірепов аудандарына жұмыс сапарымен барды

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Мен өткен жылы келгенде бұл нысан жұмыс істемей тұрған еді. Бұл істі аудан әкіміне тапсырдым. Ол кісі сізбен келісіп, аз уақыт ішінде іске қостыңыздар. Елбасы өз сөзінде халықтың 30 пайызы спортпен шұғылдану керек деген болатын. Біз бұл мақсатқа осылай спорт нысандарын салу арқылы жете аламыз.

Осы күні Ерік Сұлтанов Сергеевка су қоймасында көктемгі су тасқынына қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты. Ауданда апаттың алдын алу бағытында бірқатар шаруалар атқарылуда. Дегенмен, өңір жетекшісі жергілікті басшылыққа көктемгі қызыл суға әзір болу керектігін тағы бір рет ескертті. Ал Қаратал ауылының мектебіне барған Ерік Сұлтанов, компьютерлік сыныпқа сертификат табыс етті.

Шал ақын ауданындағы қант зауыты да облыс әкімінің назарынан тыс қалмады. Қытайлық компания тұрғызып жатқан баламасы жоқ нысанның құрылысы жыл соңында аяқталып, іске қосылуы тиіс.

Гюджин Ху – қытайлық компанияның бас директоры:

-Біз қант шығаратын зауыттың жобасын іске асыру үшін келдік. Келісімге сәйкес жұмысты бастап кеттік. Қант шығару барлық талаптарға сай орындалатын болады. Нысанды салу да, құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету де – біздің міндетіміз.

Кейін, өңір жетекшісі Ғабит Мүсірепов ауданына аялдап, жергілікті аурухананың жұмысымен танысты. Аудан және облыс әкімінің есептері кезінде тұрғындар аурухананың хирургия бөліміне күрделі жөндеу жүргізуді сұраған еді. Тұрғындардың өтініші ескерусіз қалған жоқ. Облыс әкімінің тапсырмасымен енді бөлімнің ескі терезе-есіктері, желдеткіш пен жылу құбырлары жаңартылады.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Ақша бөлінді. Конкурс та өткізілді. Аудан әкіміне жұмысты уақытында, сапалы түрде өткізуді тапсырамын. Алдағы сәуір айында облыс мәслихатының кезекті сессиясы өтеді. Сонда әлеуметтік нысандарды жөндеуге тағы да қосымша қаражат бөлу жайын қарастыратын боламыз.

Жалпы биыл аудандық орталық аурухананы күрделі жөндеуден өткізуге 72 миллион 197 мың теңге бөлінген. Кейін облыс әкіміне әлеуметтік нысанның техникалық әлеуеті көрсетілді. Қазірде мұнда 3 реанимобиль, газель және жылжымалы медициналық кешен бар. Одан соң Ерік Сұлтанов Новоишимкадағы Абылайхан көшесіндегі 48 пәтерлі үйдің тұрғындарымен кездесті. Көпқабатты баспананың шатыры “Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту” бағдарламасы арқылы жөнделмек. Оған 18,5 миллион теңге қаржы қарастырылыпты. Тұрғындар қазандық орнату бойынша да көмек сұрады.

Бұдан соң аймақ басшысы «Ақ нан Север» серіктестігінің жаңа элеваторын іске қосты. Астық қабылдау орны сағатына 100 тонна бидай кептіруге мүкіндік береді. Қазірде серіктестік қытайлықтарға бидай мен ұнды экспорттауда.

26 жұмыс орнын ашқан нысан құрылысын Альфа Банктің өңіріміздегі филиалы қаржыландырған.

Жасұлан Ысқақов – «Альфа банк» АҚ ЕБ Петропавл қаласындағы директоры:

 

-Қосымша сақтау орындары салынды. Элеватордың сыйымдылығы – 68 мың тонна. Ол өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша қаржыландырылды. Инвестиция көлемі 350 млн теңгені құрады.

Облыс әкімі мұндай маңызды нысанның ашылуы облыс экономикасына оң әсер тигізетіндігін атап өтті. Бұл күні Ерік Сұлтанов Новоишимкадағы диірменнің жұмысымен де танысты.