Спорт

Петропавлда есту қабілеті нашар жасөспірімдер арасында шағын футболдан ел чемпионаты басталды

Биылғы додаға 99-шы жылғы туылғандар мен олардан төмен жастағы аяқ допшылар қатысуда. Бір айта кетерлігі, жарысқа алғаш рет бақтарын сынауға келген командалар да бар. Ал, біріншіліктің өткен жылғы жеңімпазы біздің жас футболшыларымыз болып табылады.

Жангелді Тәжин – Есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернатының директоры:


–  Аталған жарыс өткізу, бұл – біздер үшін үлкен оқиға. Есту кемістігі бар балаларды әлеуметтендіру, қоғамға кіріктендіру жөнінде осы спорттың алатын орны ерекше. Бұл балалардың құлақ кемістіктері бар болса да олардың дендері сау. Біздің балалар алдыңғы жарыста чемпионат атанған еді. Биылда оларға сәттілік тілейміз.

Чемпионаттың ашылу салтанатынан соң жасөспірімдердің өнерлерін тамашалайтын сәт те келіп жетті. Алдымен ортаға қостанайлық жастар мен олардың қарсыластары -алматылықтар шықты. Ойынның бірінші минутынан басымдық сары түстегі қостанайлық футболшылардың қолында болды. Олар сауатты ойнап, гол да соғып үлгерді.

Алайда, қостанайлықтардың қуанышы көпке созылмады. Бірден алаңға үйреніскен оңтүстікастаналықтар гол соғып таразы басын теңестірді. Кейін, олар қарқындарын арттырып ойынды 4-те 1 есебімен өз пайдаларына шешті.

Владимир Лукс – жарысқа қатысушы, Қостанай қаласы:


–  Жарысқа жақсы дайындалдық. Екі ай көлемінде жаттықтық. Алайда, жаңа алматылықтарға ұтылып қалдық. Бірақ, әлі де жүлдеге таласуға болады.

Жалпы Петропавлда жарыс 3 күнге жалғаспақ. Чемпионатқа қатысып жатқан құрамалар алда әлі өзара кездесу өткізеді. Қай команданың ұпайы басым болса сол жеңімпаз атанады. Үздіктер медаль және мақтау қағазымен марапатталады.

Култанов Байболат