Аптадағы маңызды жаңалықтар

6-шы шақырылымдағы облыстық мәслихаттың бірінші сессиясы өтті

Облыстық мәслихаттағы халық қалаулыларының арасында білім, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларының өкілдері бар. 31 депутаттың 5-уі – әйел.

Асқар Сақыпкереев – облыстық сайлау комиссиясының төрағасы:

– 31 депутаттың қатарында 7 ұлттың өкілі бар. Сайланғандардың 29-ы жоғары білімді, қалғанында арнаулы орта білімі бар. Олардың орташа жасы 30-бен 50-дің аралығында. Депутатттардың 8-і – мемлекеттік қызметкерлер. Медицина, білім, мәдениет саласында жұмыс істейді. Қалған 21-і – коммерциялық салада еңбек етіп жүргендер.

Сессия барысында өңір жетекшісінің орынбасары Владимир Бубенко облыстық мәслихаттың хатшысы болып сайланды. Ол өзіне көрсетілген сенімге ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, отырыста мәслихаттың 3 тұрақты комиссиясының құрамы да бекітілді. Олардың төрағалығына депутаттар Есжан Оразалин, Анатолий Рафальский, Райхан Әбдірахманова сайланды.
Аймақ басшысы Ерік Сұлтанов 6-шы шақырылымдағы облыстық мәслихаттың депутаттарын саяси додадағы жеңістерімен құттықтап, болашақтағы міндеттерді айқындады.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 2015 жылы өңірде білім ұйымдары, емдеу мекемелері мен мәдениет ошақтары сынды 50 әлеуметтік маңызы бар нысан жөнделді. Биыл одан да көп, яғни 97 нысан қалпына келтірілмек. Оған жұмсалатын қаражаттың көп бөлігі жергілікті бюджеттен бөлінеді. Құрметті депутаттар, сіздердің атсалысуларыңызбен біз сәуір айында облыс бюджетіне өзгертулер енгізіп, 97 нысанды жөндеуге қаражат бөлеміз. Биыл біз жүйелі жұмыс істеудің арқасында базалық бюджетті 19 млн теңгеге ұлғайттық.

Аймақ басшысы сессия жұмысында қолжетімді баспана, автожолдар мен тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі әлі күнге дейін өзектілігін жоймағандығын айтты. Күн тәртібіндегі бұл проблемаларды келешекте шешіп, ауыл тұрғындарына барынша жағдай жасауды басты назарға алу керектігін жеткізді. Қазіргі таңда өңірімізге Қытай, Филипин және Италия елдерінен инвесторлар тартылуда. Олар бізге ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бойынша жаңа технологияларын үйретпек. Депутат, “Ақниет-Ақжар” ЖШС басшысы Даут Кудьяров бұл мүмкіндікті жіберіп алмау керек дейді.

Даут Кудьяров – облыстық мәслихаттың депутаты, “Ақниет-Ақжар” ЖШС директоры:

– Ауылдағы азаматтарды жұмыспен қамтып, жастардың елді-мекендерде тұрақтап қалуы үшін барлық жағдайды жасап беру керек. Мен осы бағытты басымдыққа аламын.

Депутат Ғафура Бөстекова – 35 жылдық еңбек өтілі бар ұлағатты ұстаз. Ол педагог кадрларды даярлау мәселесіне алаңдаулы. Халық халаусысы “100 нақты қадам” Ұлт жоспарындағы тапсырмаларға айрықша көңіл аударған жөн дейді.

Ғафура Бөстекова – облыстық мәслихаттың депутаты, қалалық 4-ші орта мектептің директоры:


–  Қазір білім саласында реформалар жүріп жатыр. Біз алдағы уақытта елбасы тапсырмасына сәйкес атқарылуы тиіс жұмыстардың барысын қадағалап, мектептерге білікті кадрларды даярлау ісіне араласатын боламын.

Жиында соңында депутаттар әлеуметтік-экономикалық салаларды дамыту үшін тың идеялар ұсынып, халықтың сеніміне селкеу түсірмеуге уәде берді.

Берік Қасен