Қоғам

Солтүстікқазақстандықтар Наурыз мейрамын тойлауда

Ал мына тәтті-дәмділер түріктің асханасынан. Пахлава, испаклы бурак, игли кофте аталатын бұл тағамдар арнайы Наурыз мерекесіне орай әзірленген.

Шамобей Искандаров – «Түрік мәдениеті» ҚБ төрағасының орынбасары:


–  Біздің дастарханымызда түріктердің тәтті-дәмділері жайылған. Мына тағам пиде деп аталады. Бірақ, халық оны түріктің пиццасы дейді. Яғни, қамыр иленеді де ішіне ірімшіктің түр-түрі салынады. Ет пен шұжық та араластырылады. Негізі бұл тамақты бәрі сүйсіне жейді.

Ал «Ұрпақ» қазақ мәдени-ағарту орталығының мүшелері дастарханға қазақтың бар тәтті-дәмдісін жайған. Бүгін олар жерлестерін бауырсақ, бүйрек, шелпек, қоспа және қуырылған бидаймен қуантуда.

Гүлбақша Мұсабаева – «Ұрпақ» қазақ мәдени-ағарту орталығының төрайымы:

– Биыл біз бидай қуырдық. Ол адам ағзасы үшін өте пайдалы. Әсіресе, көктем кезінде. Елімізде молшылық болсын.

Ал мына жерде жергілікті жастар қамыр илеп, нан жаюда. Кейбіреуі қайнаған майға бауырсақ пісіруде. Жалпы бұл мерекеде олар 100 келі қамырдан 2 жарым мың бауырсақ әзірлемекші.

Гүлжайна Биғалиева – ПҚЭК студенті

– Бұл менің Қызылжардағы алғашқы Наурызым. Барлығы өте тамаша өтіп жатыр. Біз халыққа тегін бауырсақ таратып жатырмыз. Ұлыстың Ұлы күні құтты болсын.

Наурыз – күн мен түннің теңеліп, табиғаттың ерекше бір түрге бөленіп, жаңаратын кезі. Ел-жұрт қаһарлы қыстан аман-есен шығып, бір-бірімен құшақ жайып, емен-жарқын табысатын шақ. Сондықтан, Наурыз мейрамына жиылған үлкенді-кішілі солтүстікқазақстандықтар бір-бірін шуақты мерекемен құттықтауда.

–  Жақсылық бола берсін…Ғылым-мәдениет жақсара берсін.

– Бүгін Наурыз басталып жатыр. Еліміз аман, жұртымыз тиыш болсын.

– Бұл мереке маған ұнайды. Бауырсақ таратты. Өте дәмді болды.

Бұл күні тұрғындар қызылды-жасылды оюмен безендірілген мына тұрған 60 келі торттан да дәм татты. 3 метрге созылған тәттіні «Рахат-Лукум» кондитерлік компаниясы әзірлеген.
Сонымен қатар, Ұлыстың Ұлы күнінде кимешек киген әжелердің сайысы өтті. Олар сахнаға шығып, көрерменге қазақтың салт-дәстүрі мен ұлттық тағамдары жайлы айтып берді.

67 жастағы Наталья Құсайынова бұл сайысқа зор дайындықпен келіпті. Интернационалды отбасында дүниеге келсе де, оны анасы қазақ халқының салт-дәстүріне жақын тәрбиелеген. Бүгінде 4 немереден шөбере сүйіп отырған бақытты апай өз ұрпағына да ұлттық құндылықтарды насихаттап отырады екен.

Наталья Құсайынова – «Әжелер сайысына» қатысушы:

– Мен тұсау кесу дәстүрін көрсетіп, Наурыз көже мен бауырсақ пісіріп әкелдім. Наурызда өзімнің сіңліліерім келеді. Немерелерім жианалады. Солардың барлығын қарсы аламын. Кішкентай немерелерімен ұлттық құндылықтарды насихаттаймын. Олардың барлығы қазақша сөйлейді.

Жалпы бұл байқауға петропавлдық 6 әжей қатысты. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен дипломдар табысталды.
Шара концерттік бағдарламамен жалғасты.

Айгерим Ержанова