Қоғам

Петропавлда аламан айтыс өтті

Бүгінгі аламан айтыс қалың бұқараны жинады. Оның себебі де айқын, жерлестеріміз ақындардың бұл өнерін сағынып қалса керек. Сөз додасына қатысатын айтыскерлерге белгілі бір талаптар қойылады. Қазылар алқасының мүшесі Зарқын Тайшыбайдың айтуынша, айтыстың мақсаты – біреуді сы­нап-мінеу емес, елдің тарихын шолып отырып, халықтың бүгінгі рухани келбетін жырға қосу арқылы ұлтты ұйыстыру дейді.

Зарқын Тайшыбай – қазылар алқасының мүшесі, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры:

– Бәйгеге қатысатын азаматтардың өңі жас болғанымен, тәжірибелері мол. Олардың айтыс өнерінде шеберлігі, мәнері, көтерген мәселесі мен маңызы бойынша бағаланады. Әділ қазылар алқасы, дұрыс және әділ баға береді деген ойдамыз.

Өнер додасына еліміздің түпкір-түпкірінен 12 айтыскер келіп отыр. Қатысушылардың арасында қарағандылық Ботакөз Мұхиденова да бар. Ол бүгінгі бәсекеге ерекше дайындалған екен.

Ботакөз Мұхиденова – айтыскер, Қарағанды қаласы:

– Осы айтыс тәуелсіздіктің құрметіне және де келіп қалған ұлыстың ұлы мейрамы Наурыз мерекесіне орай өткізіп жатқан екен. Жалпы, басты мақсатымыз көпшілікке өнерімізді көрсетіп, халықты бір серпілтіп кетсек деген ойымыз бар. Сондай-ақ, кеше ғана өткен сайлауды, елімізде болып жатқан игі шаралар мен тәуелсіз еліміздің бағындырып жатқан жетістіктерін жырымызға қосу – басты міндет.

Көкшетау қаласының намысын қорғауға келген айтыскер Оюлы Қуаныш тек жеңістен дәмелі. Ол бүгін көрермендер алдында сөз шеберлігімен көзге түсті.

Оюлы Қуаныш – айтыскер, Көкшетау қаласы:

– Мінекей, Қызылжарда үлкен дода болғалы отыр. Өзім Көкшетау қаласынан келдім. Қарсыластарым мықты екеніне сенімдімін. Жалпы, кім жүйрік екенін сахна төрінде көреміз.

Жалпы, бүгінгі ақындар додасы теріскейліктердің көңілінен шықты.

– Айтыс деген мен үшін керемет. Бізге өте ұнады.

– Маған Айыртау өңірінің ақыны ұнады. Себебі, оның сөздері өтімді.

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған жыр жарысында бас жүлдені жеңіп алған азаматқа 130 мың теңге беріледі.

Сагыныш Маркашева