Қоғам

Өңір жетекшісі Ерік Сұлтанов солтүстікқазақстандықтарды Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесімен құттықтады

Дәстүр бойынша бұрындары Наурыз мейрамын бүкіл ауыл-ел болып, әсіресе жастар жағы тазаланған арықтарға су жіберуден, ағаш отырғызып, бір-біріне қонаққа барудан бастайтын. Қызықшылық онан әрмен ұлттық ойындармен, ән салып, би билеумен жалғасып кете бере тұғын. Ежелден келе жатқан ұлық мереке биыл да сән-салтанатымен аталып өтуде. Бүгін өңір тұрғындарын күн мен түннің теңеліп, жер мен көктің жаңаратын жарқын мерекесімен облыс әкімі Ерік Сұлтанов құттықтады.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Құрметті жерлестер! Баршаңызды көктемнің жарқын мерекесі Наурыз мейрамымен құттықтаймын. Елімізде бұл мейрамды дәстүрлі түрде жылда тойлап өтеміз.

Кейін, әз Наурыз мейрамында Достық алаңына жиылған теріскейліктердің назарына жергілікті өнер майталмандары көне мейрамның шығу тарихы туралы театрландырылған қойылым ұсынды.

Одан соң өңір жетекшісі Ерік Сұлтанов Мағжан Жұмабаев көшесінде қаз-қатар тізілген ақшаңқан киіз үйлерге қарай бет алды. Бұл жерде аймақ басшысына 13 аудан мен облыстық ішкі істер департаментінің ұжымы құрған киіз үйлер көрсетілді. Мұндағы киіз үйлер сыртқы және ішкі безендірілуі жағынан бірінен бірі асады. Мәселен, Шал ақын ауданының шаңырағында қазақ халқының ұлттық ыдыстарын көруге болады.

Гүлнәр Әбілқайырова – “Атамұра” ұлттық орталығының жетекшісі, Шал ақын ауданы:

– Екі күбі әкеліп отырмыз. Бірі ағаштан жасалса, екіншісі теріден жасалған. Мұнымен көшпелі қазақ халқы ертеде қымыз ашытқан.

Өзге киіз үйлерде де ұлттық салт-дәстүрдің иісі сезіліп тұрды. Бірі шаңырақтарында қыздарын ұзатса, келесілері баланың тұсауын кесіп мәре-сәре болып жатты. Осы күні той-думанға келген солтүстікқазақстандықтарға әр киіз үйде көже, бауырсақ пен тәтті-дәмділер тегін үлестіріліп жатты.
Әз Наурызға Жамбыл ауданы мен Петропавлдағы “Қазтехмаш” зауыты көпбалалы аналар мен аз қамтылған отбасыларға арнап берекелі дастарқан жайыпты.

Сәбит Шәкенов – “ҚазТехМаш” машина құрастыру зауыты” ЖШС директоры:

– Осындағы халыққа біраз тамақ үлестірдік. 150 адамға палау дайындадық. Арнайы жағдайы нашар 50 адамға осында тамақ бердік. Қазір де көріп жатсыз, халық кіріп-шығып жатыр.

Ал одан әріректе тәртіп сақшылары тұрғындарға аңқыған иісі алыстан мұрын жаратын дәмді палау әзірлеген. Қазанда бабымен піскен өзбектің ұлттық тағамын жерлестеріміз лезде бөлісіп алып жатты.

Сәлім Жораев – Тимирязев аудандық ІІБ қызметкері:

– Палауды қазанда таңертеңгі сағат 7-ден бастап пісіре бастадық. Дәмді болып шықты. Халыққа ұнады.

Ақжарлықтар болса Ұлыстың Ұлы күнінде сыйлы қонақтарын төрге шығарып, қазақтың ұлттық тағамдары – бауырсақ, құрт пен қымыздан дәм ауыз тигізді. Дастарқан ажарын келтірген мына бір табақ қой мен жылқы еті қазаннан жаңа ғана түсірілген.

Салтанат Қалиева – Қызылту орта мектебінің мұғалімі, Ақжар ауданы:

– Ең қадірлі қонақтарға ұсынылатын біздің басты тағамдарымыздың бірі ең алдымен меймандарға ұсынылатын бас, одан кейін жамбас, жая, қазы-қарта, шұжық оның екі түрі бар мұнда сүр және жай шұжық.

Бұл күні мейрамның лебі көшенің қай бұрышынан алып қарасаң да сезіліп тұрды. Балалар жағы алтыбақан теуіп, асық атып мәре сәре күй кешсе, үлкендер жағы төс қағыстырып, мол дастарқан басында емен жарқын әңгіме-дүкен құрды.
Әз Наурыз мерекесінде теріскейліктердің құрметіне жергілікті өнер ұжымдары күмбірлеген күйлерін орындап, тамылжыған әндерін асқақтата шырқаудан жалықпады. Сондай-ақ, мейрамда “Қазағымның киіз үйі” атты облыстық киіз үйлер байқауы да ұйымдастырылды. Оның қорытындысы бойынша бас жүлдені Айыртау ауданы жеңіп алды.
Бұл күні солтүстікқазақстандықтар мерекелік көріністерді тамашалап қана қоймай, жәрмеңкеде арзан бағамен ұсынылған азық-түлік өнімдерін де сатып алу мүмкіндігіне ие болды.
Жалпы әз Наурыз мейрамын жерлестеріміз мейлінше қызықты өткізіп жатқандығы жүздерінен байқалып тұрды. Бейбіт елдің тұрғындары бірін-бірі мерекемен құттықтап, тума-туыс, ағайын-бауыр, дос-жарандарына игі тілектерін арнап жатты.

Бақыт Сәдуақасов, Риат Шони.