Қоғам

Ұлыстың Ұлы күнінде облыс орталығында 25 метрлік “Достық” дастарханы жайылды

Берекелі дастарқан маңында әзірленіп жатқан ыстық бауырсақ та халыққа лезде тарап жатты.

Роза Жүнісова – қала тұрғыны:


– Ыстық бауырсақты қалалықтарға таратып жатырмыз. Әлі түске дейін пісіреміз.

Орталық көшенің келесі бетінде тайқазанда палау пісіп жатты. Жұртшылық иісі мұрын жаратын палаудан дәм татты. Тәжік диаспорасы әзірлеген дәмі тіл үйірер тағам таңғы сағат 5-тен бастап пісіріле бастаған. Дәл қазір өңір тұрғындарына таратылуда.

Зуфар Хайтиетов – «Сомониён Север» ҚБ өкілі:

– Палауды даярлауға 300 келі күріш кетті. Бүгін 5 қазан, ертең тағы 5 қазан пісіреміз.

Бүгін бағзы заманнан қалыптасқан жыл бастау мейрамын тойлауға келген дүйім жұрттың көптігі әдеттегіден ерекше байқалып тұрды. Достық алаңын бойлай орналасқан ақшаңқай киіз үйлер мен қазақ халқының салт-дәстүрінен көрініс беретін сахналық қойылымдар тарихы тереңде жатқан мерекені айшықтап, ерекше сән беріп тұрғандай. Осы жерде аймақ жетекшісіне қазақтың қара домбырасы шертіліп, тұсау кесу рәсімінен үзінді көрсетілді. Алаңға жиылғандар алдында жергілікті өнер майталмандарының қатысуымен Әз Наурыз мерекесінің шығу тарихы жайлы театрландырылған қойылым ұсынылып, тайқазан ортаға шығарылды.

Кейін, өңір жетекшісі Ерік Сұлтанов қазақ халқында ежелден келе жатқан жілік сындыру сәтіне де куә болды. Сондай-ақ “Достық алаңының” сахнасында жерлестерімізге өлкеміздің қоңыр дауысты өнерпаздардың орындауында әсем әндер шырқалды. Ұлыстың Ұлы күнінде орталық алаңнан табылған солтүстікқазақтандықтар наурыз көжеден де ауыз тиді. Айталық бүгінгі мерекеге №17-ші ұлттық өркендеу мектебі тұрғындарға 100 келі бауырсақ пен 70 литр наурыз көже әзірлепті.

Анар Жакупова – № 17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің тәрбиешісі:

– Наурыз көжені өзге ұлттық тағамдармен бірге жылда әзірлейміз. Қазір тұрғындарға үлестіріп жатырмыз.

Қала тұрғыны Абзал Сағындықов Наурыз мерекесінде күнде кездестіре бермейтін қазақтың тазысы мен төбет итін ала келіпті. Жеті қазынаның бірі саналатын төрт аяқтыны әсіресе жастар жағы қызықтап, суретке түсіріп әлек. Асыл тұқымды иттерді бала кезінен күтіп-баптауға құмартқан жерлесіміздің үйінде бүгінде 6 тазысы бар.

Абзал Сағындықов – ит баптаушы:

– Үйімде қазақстың тазысы мен алабай итін асыраймын. Бүгін халық көрсін деп иттерімді көпшілік алдына алып келіп отырмын.

Ұлан асыр думанды мерекеде қазақ халқының ұлттық киімі шапанды үйінде емес, үстінде киіп жүрген қазыналы аға буын өкілдерімен амандасып, әңгімеге тарттық. Шаһар тұрғыны Тасболат Бекенов жұбайы Сара апайымызбен Наурызды көппен бірге тамашалауға келіпті.

Тасболат Бекенов – Мағжан Жұмабаевтың інісінің баласы:

–  Наурыз мейрамын түркі халықтары ежелден тойлауда. Мен де мерекеден қалыс қалмай, жұрпен бірге орталық алаңға келдім.

Бұл күні көктемнің ұлық мерекесін асқақтата тойлатқан мейрамның лебі орталық алаңның қай бұрышынан қарасаң да сезіліп тұрды. Мәселен мына сахнада қазір қыздар мен ұлдар бауырсақ жеуден жарыс өткізуде. Ереже бойынша әр қатысушы 5 бауысақтан тауысуы тиіс еді. Қатысушылардың арасында Мұрат Жақсыбаев ұлттық тағамды жеу жағынан өзгелерін артқа тастап, жеңімпаз атанды. Осы жерде ұйымдастырушылар жүлдегерлерге бағалы сыйлықтарды да үлестіріп жатты.

Міне, жер бетін әсемдікке бөлейтін Наурыз айы да келіп жетті. Бұл күндері барша халық шаттанып, қуанып, өзара мейірленіп жатады. Жақсы тілегін білдіріп, құттықтасады. Ренжіскендер бір-бірінен кешірім сұрап, татуласады.

Гүлнар Жаманбаева – Петропавл қалалық білім бөлімінің әдіскері:

– Құрметті халайық, сіздерді наурыз мерекесімен құттықтаймын. Зор денсаулық, мол бақыт, ашық аспан тілеймін. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қайырлы, құтты болсын!

Бүгін жағалай тігілген киіз үйлерде түрлі ұйымның өкілдері тұрғындар мен қала қонақтарына қазақтың салт-дәстүрлерін дәріптеуде.

Халқымыз туыстық қарым-қатынастардың үзілмей, байланыстың одан әрі нығаюына аса мән береді. Мысалы, құдалық кезінде “Құйрықтай тәтті, бауырдай жақын болайық” деген ниетпен құдаларына құйрық-бауыр асатады. Бұл күні исі қазақ баласы қолда барынан аянып қалмауы тиіс.
Ал көрші киіз үйде қалалық жер қатынастары бөліміндегілер даун синдромына шалдыққан балаларға арнап, дастархан жайды. Айналдырған 1,5 сағаттың ішінде 30 балаға тәтті-дәмдіден ауыз тигізді.

Қуаныш Құнанбаев – Петропавл қаласының жер қатынастары бөлімінің қызметкері:

– Ақ мол болсын. Отанымызға тиыштық, амандық болсын.

Орталық алаңның бір бұрышында балалар ойнның қызығына батып кеткен. Ұлдар арқан тартысып, аударыспақ ойнап жатса, қыздар алтыбақан тебуде.

Аружан Саттар – қала тұрғыны:


– Осы мерекені отбасымен бірге керемет өткіземін деген ойдамын. Баршасына да осыны тілеймін. Наурыз мерекесінде көптеген іс-шаралар, сайыстар көрсетіліп, дәстүрлер көрсетіледі. Мысалы, қыз қуу, ұйқыашар.

Аружан Саттар орталық алаңға әкесі және әпкелерімен келіпті.

Қайырғали Саттар – қала тұрғыны:

– Барлығыңызды осы наурыз мерекесімен құттықтаймын. Әке-шешемді де құттықтаймын. Анам алтын алқа иегері. 8 баласы бар. Баршасына айтарым, барлық өкпе, реніштерді ұмытып, ағайын-туысқан бірін-бірі құттықтап, қауышып, біріне-бірі мейірімді болса екен деймін.

Бүгін көктемнің мерейлі мейрамын көбі жанұя мүшелерімен тойлауда. Алаңда ағайын-дос, құда-жекжаттарымен көрісіп, арқа-жарқа болысты.
Ауылдағы ағайын алты ай қыстан аман шыққанына қуанышты екендіктерін жеткізді.

Мұрат Жармағамбетов – Жамбыл ауылының тұрғыны, Жамбыл ауданы:
– Өзім Жамбыл ауылында қара мал, жылқы, қой ұстаймын. Қыстан аман-есен шығынсыз шығып жатырмыз. Міне бүгін көктен жаңбыр деген нұр жауып жатыр. Бұл ырыс пен молшылықтың белгісі деп білемін.

Халық арасында Ұлыстың Ұлы күнін қалай қарсы алсаң, жыл 12 ай солай өтеді деген ұғым қалыптасқан. Сондықтан баршасы бұл күнге аса жауапкершілікпен даярланады. Үйдегі ескі заттар лақтырылып, ауланың маңын тазартады. Жерге жас көшеттер отырғызып, аналар ырымдап ағаштарға ақ құятын болған.
Сондай-ақ, наурыз бірліктің, татулықтың, еңбектің, ізгіліктің, бақыттың мерекесі. Сол себепті кеңпейіл қазақ халқы бұл меркені өзге ұлттың өкілдерімен тойлауда.

– Көңіл-күйім тамаша, күн де жылы. Мен үшін наурыз мерекесі айрықша. Мен қазір қазақ халқымен және өзге ұлттың өкілдерімен Ұлыстың Ұлы күнін бірге тойлап, кейін достарыммен туысқандарымның үйіне қонаққа барамын.

– Мен наурыз мейрамын көппен бірге атап өткенді жақсы көремін. Бүгін орталық алаң ерекше бір кейіпке енген. Жан-жақтағы киіз үйлер, түрлі копозияциялар әдемі көрінеді. Баршаңызды мерекемен құттықтаймын. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болып, елімізде бейбітшілік жасай берсін.

Наурыз күн мен түн теңелетін, төрт түлік мал төлдейтін, табиғаттағы барлық жәндіктер мен өсімдіктерге жан бітетін ай. Сол себептен де табиғаттың тылсымын, ғалам ғажайыптарын терең түсінген ата-бабаларымыз бұл күнді жыл басы деп есептеген. Сондықтан Ұлыстың ұлы күнін текті халықтың ұрпағы ұмытпайды.

 

Бакыт Садуакасов