МТРА жаңалықтары

Наурыз мейрамы қарсаңында Булаево қаласында бірқатар нысандар ашылды

Булаев қаласында осындай нысанның пайда болатынына қуанған тұрғындар мұнда көптеп жиылған екен. Оларды мекеменің ашылуымен аудан әкімі Асқар Бегманов құттықтады.

Асқар Бегманов – М.Жұмабаев ауданының әкімі:

–  Елбасының тапсырмасына сай тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуғабасымдық берілуде. Шағын және орта бизнесті дамытуға үлкен ден қойылып отыр. Өз кәсібін ашамын дегендерге қолдау көрсетіледі. Соның айғағы ретінде осы «Юлия» дәмханасын айтуға болады. Балалардың демалысын өткізуге арналған орын булаевтықтардың сүйікті жеріне айналады деген сенімдемін.


Дәмхананың атын қожайыны өз есіміне лайықтап «Юлия» деп қойған. Мекеме бір жыл көлемінде тұрғызылып, оған кәсіпкердің өз қалтасынан 10 млн теңге қаржы жұмсалыпты. Демалыс орны таңғы 8-ден түнгі 2-ге дейін жұмыс істейтін болады. 32 адамға шақталған нысанның ашылуы 7 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік берген. Дәмхана қожайыны оның ішін әрлеу жұмыстарына ерекше мән беріпті. Мұндағы үстел, орындықтар ағаштан ойылып, көркемдеп жасалған. Олардың барлығы – жергілікті шеберлердің туындылары. Нысан іші кішігірім ғана болса да, іскер нәзікжандының алдағы жоспары ауқымды.

Юлия Расхожева – «Расхожева» ИП директоры, М.Жұмабаев ауданы:

– Дәмхана негізінен балаларға арналған. Жазда ғимараттың ауласы көркейтіледі, әткеншектер орнатамыз. Ал келесі жылы екінші қабатын салып, сол жерде балғындарға арналған ойын-сауық кешенін тұрғызу жоспарда бар. Ол үшін «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы несие рәсімдемекпін.

Кежен Мейманов – жаңадан ашылған дәмхананың алғашқы клиенті. Ол ауданымыз жыл санап көркейіп келеді, мұндай нысандар ауылымызға талайдан қажет болған деп отыр.

Кежен Мейманов – Булаево қаласының тұрғыны, М.Жұмабаев ауданы:

– Келеміз осында. Бала-немерелерімізбен. Біздің жақта осындай нысанның ашылуы жақсы болды. Жақын маңда дәмханалар жоқ еді. Жай дүкендер бар.

Наурыз мерекесі қарсаңында М.Жұмабаев ауданының орталығында тағы дәріхана ашылыпты. «Низкоцен» дүкенінде орналасқан сауда нүктесінде дәрі-дәрмектер өзгелеріне қарағанда арзанырақ.

Евгений Покора -«Булфарм» ЖШС директоры, М.Жұмабаев ауданы:

 

– Екі фармацевт жұмыс істейді. Дәріхана демалыссыз таңғы 10-нан кешкі 10-ға дейін ашық. Мұндағы баға да өзге дәріханаларға қарағанда арзан. Сондықтан, тұрғындардың көңілі толып отыр. Бізде қазақстандық компаниялардың өнімдері және шетелден әкелінген препараттар да бар.

Бүгіндері М.Жұмабаев ауданында 1400-ден астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді.

Магжан Ахмадина