Қоғам

Абылазимовтар әулеті Ұлыстың ұлы күні мереке нышаны ретінде дәмі тіл үйірер наурыз көже пісіреді

 

Ақ жаулыкты әжей мерекеге арнап наурыз көже әзірлемекші. Алдымен қазанда майды қайнатып, одан соң келініне 7 түрлі тағамды кезек-кезегімен салғызды. Мұндағы бидай жармасы, сәбіз, тары, құрт және мейіз-өрік көженің тіл үйірер дәмін келтіреді. Ал, қыстан қалған сүр еттің бір кесегі болса тіптен жақсы.

– Сүр ет көженің дәмін келтіреді. Оны қосса асымыз өте жақсы болады.

2011 жылы Өзбекстаннан ата қонысқа қайтып оралған әулетте Ұлыстың ұлы күні жылда атап өтіледі екен. Ол күні наурыз көже қайнату дәстүрге айналған.

Дария Абылазимова – Бәйтерек ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Дастарханымыздан наурыз көже үзілмейді. Бұл күні жақындарымызды жинап бір-бірімізге игі тілектер тілейміз.

Ал, үйдің отағасы Шарапат қария қолы шаруадан қалт еткенде балаларға ұлттық ойындарды үйретеді. Бүгін ол өзінің немерелеріне бабадан қалған асыл мұра “бес асықты” түсіндірді. Қарт алдымен қолға сақа иіріп, оны кейін қатар тізілген асықтарға көздеуді тапсырды. Бұны бірден ұққан ұл-қыздар ойынды ермекке айналдырып мәре-сәре болды.

Шарапат Абылазимов – Бәйтерек ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Асық ойнау балалардың денсаулығына өте пайдалы. Олар ұлттық ойындарды үйренсе денсаулықтары мықты болады. Өте ширақ болып өседі.

Міне, Көптен күткен наурыз көже де дайын болды. Дастархан басына Шарапат атанын отбасы жиылды. Олардың қуанышына көршілері де ортақтасты. Барлықтарының тілегі келесі наурызға аман жету.

 

Култанов Байболат