МТРА жаңалықтары

Жергілікті әскерилер сайлауға белсенді қатысты

Дарина Башенова – студент:

-Мен үшін өте маңызды. Өзімнің елім үшін, болашағым үшін дауыс бердім. Біздің елімізде жастарға барлық мүмкіндіктер жасалған. Болашағымды ағылшын тілі пәнімен байланыстырамын.

№ 690-шы сайлау учаскесінде Қазақ зағиптар қоғамының төрағасы Еркебұлан Аманжоловты да кезіктірдік. Жерлесіміз әңгіме барысында мемлекеттің мүмкіндігі шектеулі жандарға деген қолдауын айрықша атап өтті. Сол себепті, халықтың мұқ-мұқтажын билікке жеткізетін депутатты таңдау – әр саналы азаматтың басты міндеті деп санайды.

Еркебұлан Аманжолов – Петропавл қалалық “Қазақ зағиптар қоғамы” ҚБ төрағасы:

-Отбасыммен бірге сайлау процесіне қатысып отырмын. Өзіміздің болашағымыз үшін, 25 жыл ішінде Қазақстан біраз жетістікке жетті. Жақсылық пен тыныштық болсын!.

Жалпы бүгін медициналық колледжде орналасқан № 690-шы сайлау учаскесінде 19-шы шағын ауданның 2 мыңға жуық тұрғыны таңдауын жасамақ.

Светлана Голубятникова – №690 учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы:

-Сайлау учаскесі ашылысымен бірден 15 адам дауыс беруге келді. Сайлаушылар өз белсенділіктерін көрсетіп жатыр. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан 1 сағаттың ішінде 96 сайлаушы дауыс беріп кетті.

Бұл күні саяси додаға түскен 5 партия мен қалалық және облыстық мәслихат депутаттығына үміткерлерге дауыс беруге Петропавлдағы Әскери институттың ұжымы ерекше белсенділіктерін танытуда. Дәл қазір сайлау учаскесінде тіркелген 924 әскери азамат пен олардың отбасылары және курсант жігіттер таңдауларын жасауда. Ал соның ішіндегі 145 сарбаз сайлауға алғаш рет қатысып отыр.

Мейрамбек Мұсабек – ҚР ҰҰ Әскери институтының курсанты:

-Әскери институттың курсанты ретінде дауысымды беріп отырмын. Осы еліміздің болашағына үлесімді қосу менің парызым деп есептеймін. Офицер ретінде таңдауымды жасадым.

Ал Манас Нұрмаханов бүгінгі сайлауға жұбайы Анаргүл мен 2 жасар қызы Жасминмен бірге келіпті. Отбасы мүшелері әр сайлауға ертесімен келуді әдетке айналдырған.

Манас Нұрмаханов – ҚР ҰҰ Әскери институтының оқытушысы:

-Өте маңызды күн. Қазақстан азаматтары үшін, себебі бұл сайлау – біздің борышымыз. Қазақстанның тұрақтылығы әрі қарай өркендеуі үшін қажетті сайлау деп ойлаймын. Бүгін жанұямызбен бірге келіп даусымызды бердік.

Осылайша темірдей тәртіпті ұстанатын әскери оқу орнындағылардың барлығы небәрі 3 сағаттың ішінде бір адамдай дауыс беріп, болашаққа таңдауларын жасады. №702-ші сайлау учаскесінде Әскери институттың ұжымы ғана дауыс беретіндіктен, сайлау орны таңертеңгі сағат 10-да ресми түрде жабылды. Бұдан кейін комиссия мүшелері дауыс санын есептеуге кірісіп кетті.

 

 

Бакыт Садуакасов