МТРА жаңалықтары

Қызылжар ауданының 10 мыңға жуық тұрғыны таңғы сағат 9-ға дейін өз таңдауын жасап үлгерді

Асқар Жанабеков – Қызылжар ауданының тұрғыны:

-Сайлауға қатысу әрбір адамның азаматтық парызы. Сондықтан барлығымыз бүгін біртұтас халық болып өз таңдауымызды жасап жатырмыз. Қазақстанның ең басты байлығы ұлтаралық бірлік пен бейбітшілік .

Рашида Төлеп – Қызылжар ауданының тұрғыны:

-Мен дұрыс таңдау жасадым деп ойлаймын. Мен сайлауға отбасыммен келдім.

Ернар Қазыбеков – Қызылжар ауданының тұрғыны:

-Балаларым мен немерелерімнің болашағы үшін дауыс бердім. Үміт артқан кандидаттарым сенімді ақтап, аудандағы тұрғындардың жағдайын түзеуге атсалысады деген ойдамын.

Осы күні Бескөл аулының 130 тұрғыны тұңғыш рет өз құқығын пайдаланып, қалаған кадидатына дауыс беру мүмкіндігіне ие болды. Солардың бірі – Айзада Теменева. Бойжеткен бүгінде М.Жұмабаев колледжінде мұғалім мамандығына оқып жүр. Ол болашақта бастауыш сынып оқушыларына сабақ бермек. Айзада Теменева елдің келешегі үшін маңызды науқанға қатысқаныма қуаныштымын дейді.

Айзада Теменева – Қызылжар ауданының тұрғыны:

-Мен бүгін өз жауапкершілігімді сезініп, сайлауға қатысуды жөн санадым. Елінің қазіргісі мен болашағына немқұрайлы қарамайтын азамат бұндай істен шет қалмауы тиіс деп ойлаймын.

Осы күні сайлау комиссиясы мен маңызды науқанға жұмылдырылған қызметкерлердің жұмысын тәуелсіз байқаушылар қадағалады. ТМД байқаушылар миссиясы штабының мүшесі Боранбай Бижігітов комиссия мүшелерінің жұмысы жақсы, тұрғындардың белсенділігі жоғары дейді.

Боранбай Бижігітов – ТМД байқаушылар миссиясы штабының мүшесі:

-Қорған облысынан 12 тәуелсіз байқаушы келді. Мені Қызылжар ауданына жіберді. 6 сайлау учаскесіне бекітілдім. Қазір сайлау процесі жақсы өтіп жатыр. Сайлау туралы заң ережелері бұзылған жоқ. Бәрі әділ өтіп жатыр.

Қазіргі таңда Қызылжар ауданы бойынша сайлаушылар тізіміне 31 115 адамның аты-жөні енгізілген. Таңғы сағат 7-ден 9-ға дейін тұрғындардың 10 мыңға жуығы өз таңдауын жасады. Жалпы осы ауданда 83 сайлау комиссиясы мен 67 сайлау учаскесі құрылды. Онда барлығы 581 адам жұмыс істеуде.

Берік Қасен