МТРА жаңалықтары

№635 сайлау учаскесінде жылжымалы урна 32 азаматтың үйіне жеткізілді

Галина Митрофанова – №635 учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы:

-635-ші сайлау учаскесіне қарайтындар Кәрім Сүтішев, Жамбыл, Амангелді және Конституция көшелерінің тұрғындары. Олар 6 жабық кабинада өз таңдауларын жасайды.

Бұл күні жүріп-тұруы қиын адамдардың да құқықтары елеусіз қалған жоқ. Олардың әрбірінің үйіне учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері барып, жылжымалы урналар арқылы дауыстарын жинады.

Петр Добродомов – қала тұрғыны:

-Үйде отырып-ақ дауыс берген өте жақсы болды. Енді біз таңдаған депутаттар халқына қалаулы болып, еңбек етсе болғаны. Ең бастысы, елдің дамуына, тұрғындардың жағдайына көңіл бөлсе екен дейміз.

Комиссия мүшелері Қазақстан Конституциясы көшесіндегі 32-ші үйге де келді. Мұнда 2-ші топтағы мүгедек Галина Хартукова тұрады. Ол бірнеше жыл бұрын көктайғақта оңбай құлап, аяғын сындырып алған. Содан жарақаты жазылса да, арасында сыр беріп қалады. Бүгін нәзікжанды ауа райы өзі үшін қолайсыз болғандықтан дауысты үйде беруді жөн санапты.

Галина Хартукова – қала тұрғыны:

-Мен үшін үйде дауыс берген өте тиімді болды. Өйткені, учаскеге баратындай жағдайым жоқ. Дала жаңбыр, жер тайғақ.

Жалпы №635 сайлау учаскесі бойынша жылжымалы урна 32 азаматтың үйіне барды.

 

 

Култанов Байболат