МТРА жаңалықтары

№634 сайлау учаскесінде түстен кейін де сайлаушылардың белсенділігі басылған жоқ

Галина Дьякова – №634 сайлау учаскесінің төрайымы:

-Сайлау уақытының аяқталуына әлі 4 сағаттай уақыт қалды. Түрлі себептермен учаскеге келе алмаған сайлаушылар әлі де болса бізге жолығады деген ойдамыз. Ата-әжелердің келуіне көктайғақ кедергі келітіруде.

Расымен дауыс беру залында сайлаушылар қатары таңертеңгіге қарағанда, аса көп емес. Десе де түске дейін үйінен ұзай алмаған петропавлдықтар әлі де болса келіп таңдауларын жасауда. Шаһар тұрғыны Тілек Абдрахманов кезінде байланыс саласында қызмет етіп, өлкеміздің дамуына ат салысқан. 80-нің сеңгіріне шыққан зейнеткер бұл жолы да өзінің конституциялық құқығын пайдаланып, үміт артқан кандидатына дауыс берді.

Тілек Абдрахманов – зейнеткер:

-Мен ойлаймын мәслихат және мәжілім депутаттығына сайланған азаматтар ойдағыдай болып, ақ ниетпен адал қызмет істеп, халықтың тұрмысын жақсартса деген тілегім бар. Олардың алдында міндет көп қой. Әрбір ел азаматы діні мен ұлтына қарамастан сайлауға ынталы жігерімен қатысуы қажет.

Сайлау учаскесінде кейінгі толқын өкілдерін де кезіктіруге де болады. Батырхан Тоғайбаев – Алматы қаласында журналистика мамандығы бойынша білім алып жүрген жастың бірі. 18 жасқа толған жерлесіміз дауыс берген кандидаты жеңіп шықса, артқан үмітті ақтайды деген сенімде.

Батырхан Тоғайбаев – студент:

-Сайлауға келіп, дауыс беру – әрбір азаматтың парызы. Өзім өмірімде бірінші рет маңызды науқанға қатысып отырмын.

Сондай-ақ, сайлау комиссиясы көппен бірге дауыс беруге мүмкіндігі жоқ 40 тұрғынның үйіне жылжымалы урна жіберген.

 

 

Бакыт Садуакасов