МТРА жаңалықтары

Теріскейлік қолөнерші мемлекеттік бағдарлама көмегімен астау жасайтын цех ашты

Бала жастан қолөнерге бейім азамат бүгінде мынандай астау жасайды. Оның туындыларының бір ерекшелігі – қазақтың ою-өрнегінде. Ыдысты ұлттық нақышта безендіріп, жартылай дайын астау бетін отпен күйдіреді.

Осы сәтте астауға салынған ою көрініп, туындыға ерекше сән бере түсті. Жалпы ұлттық ыдыс дайын болғанша шеберге біраз тер төгу қажет.

–  Негізінен астау біраз уақытты талап етеді. Мәселен мына кіші астауды жасап шығаруға 3 күндей уақыт қажет. Ол үшін шеберге ең бастысы жеті рет өлшеп бір рет кескен абзал.

Бастапқыда шебер қайыңды арнайы өлшем бойынша кеседі. Бұл ағаш түрін қолөнершінің таңдауы бекер емес. Өйткені, ол берік әрі экологиялық тұрғыда таза. Содан соң, астау суда бірнеше мәрте қайнатылады, кейін кептіріледі. Соңында дайын болған ыдысқа ас салуға болады.

Еркебұлан Жакин – “Жакин” ЖК директоры, М.Жұмабаев ауданы:


–  Астауда ас көпке дейін суымайды. Ата-бабаларымыз астауды арнайы қайыңнан жасаған.

Еркебұлан Жакиннің ата кәсіппен мықтап айналысуына былтырғы жылдың қыркүйек айынан бастап мүмкіндік туды. Ол “Жұмыспен қамтудың жол картасы” мемлекеттік бағдарламасы арқылы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 2 миллион 700 мың теңге несие рәсімдепті. Қаражатқа іскер азамат ЗИЛ машинасы мен астау жасау үшін бірнеше заманауи қондырғы сатып алған. Қазір қолөнермен шебердің балдызы Мұрат та айналысады. Ол жуырда шаңырақ көтерген жас жұбайларға кәдесый ретінде мына шағын бесікті жасап жатыр екен.

Мұрат Смағұлов – “Жакин” ЖК жұмысшысы, М.Жұмабаев ауданы:

– Бесік жақтауларын арнайы өлшеммен арамен кесіп алдым. Оларды бір-біріне бұрандалы шегемен бекіттім. Сосын әдемі болсын деп ою салдым. Енді туындымның соңғы тазалау жұмыстарын жасап жатырмын. Бүгін бесігім дайын болады.

Қолөнершілердің жұмыстары өңірімізде ғана емес еліміздің өзге де аймақтарында сұранысқа ие. Мәселен, Еркебұлан Жакин дайындаған астаулар Оңтүстік Қазақстан облысы мен Астана қалаларында жиі сатып алып жатады екен. Бағалары 20 мың теңгеден жоғары.

Култанов Байболат