МТРА жаңалықтары

Солтүстікқазақстандықтар Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне 3 күн тойлайды

Мұндағы жұртшылық Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына тиянақты дайындалуды. Қаламыздың басты көшесі Конституция бойында шағын этно-ауыл тұрғызылып, қаз-қатар киіз үйлер тігілуде. Сондай-ақ, мұнда мерекенің биылғы сәні 5 метрлік гүл шоғы да орнатылған. Жұқа темірден жасалған мүсін қыстың аяқталып, күннің жылынғандығын білдіреді.

–  Петропавлдың қақ ортасында көз тартып, мен мұндалайтын мына туындыны астаналық дизайнерлер жасапты. Оны елордалық шеберлер теріскейліктерге Ұлыстың ұлы күні – Наурыз меркесіне арнаған. “Арман ағашы” атты архитектуралық мүсін жайдарлы көктемнің келіп жеткендігін бейнелейді.

Жергілікті тұрғындар болса ұлттық мерекені асыға күтуде.

–  Ұлыстың ұлы күнін асыға күтеміз. Баршамызға құтты болсын.

– Мерекені үйде қарсы аламыз. Қазақтың ұлттық тағамдарын пісіріп отбасымызбен отырамыз.

Әз Наурызды қала қонағы Ханшайым Қасенова жылда отбасымен атап өтеді екен. Биыл ақ жаулықты әжей мерекені облыс орталығында тұратын туған-туыстарымен тойлауды жөн санапты. Ол шаһардың мейрам қарсаңында ерекше құлпыра түскендігін қуана жеткізді.

Ханшайым Қасенова – Жамбыл ауданының тұрғыны:

– Тамаша. Барлығы құлпыра түскен. Өзіме бәрі қатты ұнап жатыр. Мереке құтты болсын.

Қазақта жылдың басы саналатын көне мейрамды биыл теріскейліктер наурыздың 21-інен бастап тойламақ. Ол күні қаламыздағы Достық үйі маңында 25 метрлік дастархан жайылады. Онда елімізді мекен еткен түрлі ұлт өкілдерінің тәтті-дәмділері қойылып, жұртшылық наурыз көжеден ауыз тимек.

Әлия Бейсенова – Петропавл қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:

– Солтүстікқазақстандықтар ұлыстың ұлы күнін 21-інен бастап 3 күн атап өтеді. Мереке аясында бірнеше ауқымды бағдарламалар ұйымдастырылады. Мәселен, алғашқы күні үлкен дастархан жайылып, жұртшылыққа түрлі тәттілер ұсынылады. Сондай-ақ, орталық алаңда ұлттық спорттық ойындар ойнатылатын болады. Және де “Шеберлер ауылы” атты қолөнершілердің байқауы өтеді.

Мерекені тойлау наурыздың 22-сі де жалғасады. Бұл күні Мағжан Жұмабаев көшесінде өңір аудандары киіз үй тігіп, ұлттық өнер түрлерін жиналғандарға паш етпек. Сондай-ақ, Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында облыстық ақындар айтысы өтеді.

Әлия Бейсенова – Петропавл қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:
–  Бұл күн де түрлі іс-шараларға толы болмақ. Әсіресе, Абай және Бөкетов көшелерінің арасында театрландырылған қойылым көрсетіледі. Дәл осы жерде таңғы сағат 9-бен 11 аралығында облыстық киіз үйлердің байқауы өтеді. Күндізгі 15:00-де театрда ақындар айтысы болады.

Ал наурыздың 23-і күні өңіріміздің жезтаңдай әншілері мен мың бұралған бишілері тұрғындарға мерекелік концерт ұсынады.

Култанов Байболат