Балалар

Петропавлда даун синдромына шалдыққан балаларды қолдауға арналған көрме өтті

Мына жерде Даун синдромымен ауыратын балалардың қолынан шыққан қолөнер бұйымдары орын тепкен. Сурет рамкасы, мата мен киізден тігілген ойыншықтар, түрлі түсті қағаздан жасалған бұйымдар, ашық хаттар мен тағысын тағы! Шаһар тұрғыны Татьяна Кохтың қызы Эвелина 11 жаста. Көрмеде жайғастырылған тоқыма заттары дәл осы жеткіншектің қолынан шыққан туындылар.

Татьяна Кох – қала тұрғыны:

– Мұндай баламен үнемі жұмыс жасап, назардан шығармау қажет. Сонда ғана баланың белгілі бір ортаға тез бейімделіп кетуіне мүмкіндігі болады. Даун синдромымен ауыратын жеткіншектердің бір ерекшелігі олар бауырмал және ақкөңіл болып келеді. Қызым науқас болса да оны қоғам арасына жиі шығарып тұрамын. Қатарластарымен көбірек араласқаны өзіне де жақсы ғой.

Елімізде даун синдромына шалдыққан балаларды қоғамға бейімдейтін орталықтар саны саусақпен санарлық. Соның біреуі Петропавл қаласындағы “Солнечный дом” қоғамдық қоры. Қазіргі кезде орталық қызметкерлері даун дертіне шалдыққан 40 жеткіншекке көмек беріп келеді.

Татьяна Делль – “Солнечный дом” ҚҚ құрылтайшысы:


– Соңғы жылдары айықпас дертке тап болған жандарға барынша қолдау көрсетіліп келеді. Өкінішке орай Қазақстанда даун синдромына шалдыққан балаларды бейімдейтін арнайы орталықтар саны аз. Осының кесірінен көп бүлдіршіндер қоғамға ене алмай жүр.

Бұл күні келушілер назарына даун синдромына тап болған балалардың бейнесі салынған суреттер қойылды. Туынды авторы – жерлес қылқалам иесі Наталья Хобенко. Ол осындағы 22 суретті салу үшін біраз тер төгіпті. Жалпы шараға жиналғандар көңілі қалаған кез-келген затты сатып ала алды. Түскен қаржы “Солнечный дом” қоғамдық қорында тәрбиеленіп жатқан жеткіншектерді оңалтуға жаратылмақ.

 

Бакыт Садуакасов