Спорт

Өңірдің 3 спортшысы джиу джитсудан өткен ел біріншілігінде жүлделі оралды

Ережесіз жекпе-жек түрі джиу джитсу спортын жанына серік еткен жерлесіміз, 5 жыл ішінде бірталай намысты додаларда бағын сынап жүр. 18 жасар спортшы жақында елордада өткен ел біріншілігінде лайықты өнер көрсетіп, өз салмақ дәрежесінде бірінші орынға тұрақтапты.

Қайрат Ғалымханов – ҚР джиу джитсудан спорт шебері:


– Чемпионатта 3 кездесу өткіздім. Алғашқы 2 қарсыласымды ұпай санымен ұтып кеттім. Ал ақтық кезеңде астаналық спортшы техникалық жағынан менен басым болды. Десе де жеңіске жету жолында бар күш-жігерімді салып, қарсыласты тізе бүктірдім.

Қайрат Ғалымхановпен бірге шаршы алаңда жұдырықтасқан тағы 2 жерлесіміз де қарсыластарына дес бермей, 1-ші және 3-ші орындарды місе тұтты. 1 жыл көлемінде шәкірт тәрбиелеп жүрген ММI бапкері Айбас Қоңқаев, 150 спортшының басын қосқан байрақты бәйгеде жерлес спортшыларға шаршы алаңда жұдырықтасу оңайға соқпағандығын айтады.

Айбас Қоңқаев – ММI жаттықтырушы:


– Бұл спорттың ерекшелігі шабуыл жасаған қарсыласына қара күшті қолданбай, шабуылшының бағытын өзгертуге, тепе-теңдік қалпынан айыруға содан кейін барып әдіс қолдануға немесе соғуға болатындығында. Жалпы джиу-джитсу, шығыс халықтарының жекпе-жек спорт түрлерінің негізін қалаған жапондықтардың дәстүрлі, ұлттық күресі саналады. Ұпай аяқпен немесе қолмен дәл соққы жасаған спортшыға беріледі.

Енді қауіп-қатерге толы спортқа ден қойған тәлімгерлер алдағы сәуір айында өтетін жарысқа дайындықтарын пысықтап жатыр. Бүгінде джиу джитсу спортымен 30 солтүстікқазақстандық мықтап айналысып келеді.

Бакыт Садуакасов