МТРА жаңалықтары

Өңірде су тасқынын болдырмау шаралары қолға алынды

Шоқан Джакупов – Жұмысшы кентінің тұрғыны:

-Қарды өзім тазалаймын. Көктемде көрші 4 үйді су басады.

Нұрлан Исергенов – Жұмысшы кентінің тұрғыны:

-Жазда жолдар жөнделмейді, қыста қардан аршылмайды. Бізге автобус жүрмейді, қоқыстар тазаланбайды. Петропавл қаласы әкімдігінің “Тазарту, су бұру және су өткізу құрылымдары” мекемесі суағарлар мен қызыл су ағатын кәріздік желілер тазаламайды. Тым болмаса техника берсе, өзіміз тазалап алатын едік. Көктем келсе лай-батпақ, су белшеден келеді. Маусым айына дейін жер кеппей жатады.

ТЖБ мамандарының айтуынша, Жұмысшы кентіндегі Украин және 2629-шы км көшесінде көбінесе зейнеткерлер тұрады. Айтпаса да түсінікті қариялардың қарды шығаруға шамалары жетпейді. Салдарынан көктемде үйлерінің ішіне су толатын көрінеді.

Ербол Мұханбеталин – Петропавл қалалық ТЖБ аға инженері:

-Қаладан 468 куб-тан артық қар сыртқа шығарылды. Біз қазір Заречный, Былғары зауыты және жұмысшы кентіндегі тұрғындармен кездесіп, оларға су тасқынына қазірден әзірлену керектігін айтып жатырмыз. Олар үш күнге жететін азық-түлік қорын, құнды құжаттарын, киім-кекшектерін осы бастан дайындап қою керек. Жұмысшы кентінде шеткері көшелерді су басу қаупі жоғары. Бұл жерде зейнеткерлер тұрады. Менің ойымша, бұрынғыдай сенбіліктер өткізіп, қар тазалау жұмыстарына мектеп оқушылары мен студенттерді тарту керек пе деймін.

Өңір синоптиктері алдағы күндер жауын-шашынды болады дейді. Жауған қардың арты жаңбырға ұласуы да мүмкін.

Гүлзат Ғазизова -Солтүстік Қазақстан гидрометеорология орталығы метеоболжам бөлімінің жетекшісі:

 

-Алдағы күндері ауа-райы жауын -шашын, көктайғақ, жаяу бұрқасын. Оңтүстік батыстан соққан желдің екпіні 15-20, кей жерлерде секундына 23-28 метрге дейін жетеді.

Берік Қасен