Мәдениет

Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдық мерейтойына арналған шаралар легі СҚО-да жалғасын табуда

Таңат Сүгірбаев – “Асыл мұра” орталығының жетекшісі:

-Әлихан Бөкейханов – Абайтанушы. Ол Абай Құнанбаев туралы үлкен материал жариялап, 1909 жылы Абай шығармаларын Санк-Петербургте бастырып шығаруға мұрындық болды.

Әлихан Бөкейханов өз заманында түрлі саланың жілігін шағып, әр нәрседен хабардар болып отырған.

Таңат Сүгірбаев – “Асыл мұра” орталығының жетекшісі:

-Оның энциклопедиялық білім болды. Әлихан журналист, этнограф, тарихшы болды. Осы қазақтың арасыннан шыққан бірінші көркем аудармашы Ә.Бөкейханов десем қате айтпаймын.

Осы және өзге де мағлұматтарды бүгін ардагерлер кеңесінің мүшелері мен
мұражай қызметкерлері студенттердің санасына құйды. Елім деп өткен ердің өмірі мен әрекеттерін мысалға келтіріп, жастарға бостандық пен тәуелсіздіктің қадірін ұғындыруға тырысты.

Гүлжауһар Сәдуақасова – облыстық тарихи-өлкетану мұражайының экскурсия жетекшісі:

-Ә.Бөкейханов сол кезде қазақ тілінде шыққан “Қазақ газеті”-нің ұйымдастырушысы болды. Алаш партиясының идеологы, сол партия бағдарламасының авторы болған. Сол жайындағы мәліметтерді көрмеге қойылды. Ә.Бөкейхановтың өмірі өте қиын болды. Репресия жылдары бірнеше рет тұтқыналды, кейін ақталып шықты. Ол кісі 71 жысында өмірден өтті.

Қазіргі таңда Ә.Бөкейхановқа қатысты материалдар әлі жинастырылу үстінде. Тарихшылар қазақ зиялысының фотосуреттері аз дейді. Бұл көрмеден Алаш қайраткерінің алты портретін ғана көруге болады. Оның өзін мұндағылар кітап мұқабалары мен интернеттен көшіріп алған.

Ирина Горбацевич – облыстық тарихи-өлкетану мұражайының экскурсия жетекшісі:

 

-2014 жылы Әлихан Бөкейхановтың 9 томдық жинағы шықты. Оны отандық ғалымдар әлі де тың материалдармен толықтырып, Ә.Бөкейханов жайлы жинақты 16 томға жеткізбекші. Онда ғылыми экспедицияларында жазған монографиларынан үзінділер келтірілген. Негізі Ә. Бөкейханов 50-ге тарта ғылыми еңбектің авторы, мыңға жуық мақала жазған. Мақалаларында көбінесе тарих, этнография, жергілікті халықтардың мәдениеті мен фольклоры жайлы мәліметтер топтастырылған.

Тау тұлға наурыздың 5-і 150 жасқа толды. Бүгінде Ә. Бөкейханов “ЮНЕСКО” көлемінде әлемдік тұлға деп танылып отыр. Отандасымыздың мерейтойын Ресейліктер де атап жатыр. Айта кетейік, алты алаштың ардақтысы Мәскеуде жерленген. Айтпақшы, мұражайдағы көрме оқу маусымының аяғына дейін жалғаспақ.

Берік Қасен