Көлік және жолдар

Тапсырыс беруші мемлкеттік мекемелер жолдың сапасына аса мән бермейді

Қашықтығы 28 шақырым болатын 10 көше жөнделіп, инфрақұрылымы жаңартылды. Бұдан басқа өңір бюджеті есебінен 240 млн теңгеге 25 көшенің шұңқыры жамалды. Тағы 15 млн теңге қаладағы аулаішілік жолдарға жұмсалды. Алайда, тұрғындардың жолдың сапасына қатысты өз уәждері бар. Жылда жамап-жасқалады бірақ, астарлап айтқанда, былықтың бәрі қар ерігенде шығады дейді.

-Жолдың сапасы нашар. Жұмыстар үстіртін орындалады.Менің көңілім толмайды.

-Жолдардың сапасына көңілім толмайды. Көлік салығын төлейміз бірақ нашар жолдарда жүреміз. Былтыр 10 көше жөнделді бірақ оның сапасына қатысты қазір сын таға алмаймын. Оны қар еріген соң көре жатармыз. Менің ойымша, украина, ресей елдерінен мердігер компанияларды шақыртудың қажеті жоқ. Олар жұмысты тиянақты орындайды деп айтпас едім.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмiндегілер жұмыстарына салғырт қарайды. Жол құрылысы кезінде мемлекеттік стандарттарды ескерусіз қалдырады. Тапсырыс беруші мекемелер жолдың сапасын қадағаламақ түгілі өздері өрескел қателіктерге үнемі жол береді. Техникалық реттеу және метрология департаментінің мамандары осылай дейді.

Бейбіт Әбілев – СҚО бойынша техникалық реттеу және метрология департаментінің бөлім басты:

-Мемлекеттік сату кезінде тапсырыс берушілер мердігер компанияларға жолдың сапасы мен оған қойылатын критерийлер жайлы мағлұмат бермеген. Құрылыс материалдарының сертификаттары жоқ. Содан барып мердігер компаниялар өз білгендерін істейді.

Және жолды салуға тапсырыс беретін мекемелер тендерді ұтып алған мердігер компанияларға жолдың сапасы туралы талаптарды жөнді түсіндірмейтін болып шықты. Ең сорақысы мұндай қателіктер ұдайы қайталанып тұратын көрінеді.

Айгүл Құсайынова – СҚО бойынша техникалық реттеу және метрология департаментінің бас маманы:

-Қаладағы жұмыс барысын басынан-аяғына дейін “Есиль-строй-экпертиза”, “Феридо” серіктестіктерінің мамандары қадағалайды. Алайда, олар да жұмысын шала орындайды. Мемлекеттік экспертиза жүргізген кезде өлшем құралдарын пайдаланбайды. Құжаттарында тексеру кезінде қандай өлшем құралдарын қолданғанын көрсетпеген.

Вадим Маршаков – СҚО бойынша техникалық реттеу және метрология департаментінің бас маманы:

 

-Құрылыс материалдары нашар болса, жол да сапасыз шығады. Мысалы, борттық тастар бір жылдан кейін ылғалдың әсерінен үгітіліп қалады. Асфальт басылып, жолдарда ойшықтар пайда болады. Бұдан битум мен қиыршық тастың біте қайнасып тығыз қабыспағанын аңғаруға болады. Тоқ етерін айтқанда, біз жол құрылысында тек сапалы материалдарды пайдалануға тиіспіз.

2016 жылы облыстық және аудандық маңыздағы жолдарды жөндеу жұмыстарына 5,8 млрд. теңге бөлінеді, ол қаражатқа 360 шақырым жол жөндеуден өтеді. Осы күні өңір автожолдарының 33 пайызы қанағаттанарлық деңгейде, қалған 47 пайызы күрделі жөндеуді қажет етеді екен.


Берік Қасен