МТРА жаңалықтары

Петропавлда жайдарман ойындарының жартылай финалы өтті

Ерлік Мұхамеджанов – СҚО Жайдарман лигасының директоры:

-Осы сынға келіп жеткен командалар тәжірибелі. Сахнада өнер көрсетіп сапасы өткен ойындарға қарағанда біршама жоғарылады. Жалпы олардың барлығы – Наурыз тақырыбында әзілдейтін болады.

Бүгінгі кешке алыстан ат терлетіп келген командалардың бірі “ЕлОрда” командасы. Айтуларынша, жартылай финалдық кезеңге көрермендер тез қабылдайтын жеңіл әзілдер алып келіпті.

Астаналық қонақтар осымен Қызылжар ашық лигасында бір жылдан астам уақыт бойы өнер көрсетіп келеді. Теріскейліктердің мықты қарсылықтарына қарамастан доданың финалдық кезеңіне өтіп, жеңімпаз атанамыз деген ниетте.

Нұрсұлтан Тасвинов – “ЕлОрда” командасының капитаны, Астана қаласы:

-Солтүстікте мықты командалар бар. Бірақ оларға қарамастан біз жоғарғы орыннан көрінеміз деген ойдамын.

Жайдарман кешінде қонақтарға айтарлықтай қарсылық көрсеткен жергілікті командаларда болды. Олардың бірі М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ің студенттерінен жасақталған “Тәртіпті бұзықтар”.

Тек қана қыздардан құралған команда бұл кеште көрермендердің езуін күлкіге ұялата білді. Осылайша бұл сайыста әділ қазылардың жоғарғы ұпайларын алды. Жалпы әзіл додасының соңында төрешілер жартылай финалда өнер көрсеткен барлық, яғни 5 команданы да ақтық сында ойнауларына мүмкіндік берді. Ал жайдарман ойындарының финалы Петропавлда сәуір айының соңында ұйымдастырылмақ.

 

 

Риат Шони