Ауыл шаруашылығы

Өңірде былтыр «Сүт қабылдау пункттерін құру және дамыту» бағдарламасы аясында 51,7 миллион теңге несие ресімделген

Сергей Копылов – “Копылов” ЖК директоры, М.Жұмабаев ауданы:

-Жазға жақын сүт көп балады. Ол уақытта тұрғындардың сиырлары төлдеп, басым көпшілігі шикізаттарын маған тапсырады. Негізінен ақтың литрін 55 теңгеден сатып аламын. Сосын өнімді қаламыздағы «Масло-Дел» кәсіпорнының өкілдері келіп, литрін 65 теңгеден сатып алады. Олармен жұмыс істеп жатқаныма 2 жылдан асты.

Польшада жасалған мұндай бөшкенің сиымдылығы – 6 тонна. Жаз айларында кәсіп иесі бір күнде 5 тоннаға дейін өнім жинайды. Қондырғыны Сергей Копылов осыдан 2 жыл бұрын мемлекеттік «Сүт қабылдау пункттерін құру және дамыту» бағдарламасы арқылы сатып алған. Аталған жоба аясында кәсіпкер 4 милион 700 мың теңге несие рәсімдеген екен. Бүгін оның қорасында 30 сиыр бар, соның 21-і сауылады.

Сергей Копылов – “Копылов” ЖК директоры, М.Жұмабаев ауданы:

-Малға беретін шөпті жаз айында өзіміз шабамыз. Шабындық жұмыстарға балам көмектеседі. Биыл жем-азық ірі қара далаға шыққанға дейін жетеді. Сиырларға бидай үгіп те беремін. Сонда олар сүтті мол береді.

Жалпы, өңірде былтыр мемлекеттік «Сүт қабылдау пункттерін құру және дамыту» бағдарламасы аясында 51,7 миллион теңгенің 10 жобасы сәтті жүзеге асқан.

Айдар Төлеев – «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ СҚФ директорының орынбасары:

-Сүт қабылдау пункттерін құру және дамыту» бағдарламасының негізгі міндеті шаруаларға – сүт өндірісіне қажетті қондырғылар мен шикізатты тасымалдауға қажетті көліктерді сатып алуға жәрдем беру. Былтыр жоба арқасында жалпы саны 7 бірдей өнімді таситын машинаға несие ресімделді. Алдағы уақытта облыс аумағында “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” арқылы 3 бірдей сүт қабылдау пунктерін ашу жоспарда бар.

Шағын ғана Пулеметовка селосында 30-дан аса түтін бар. Негізінен елді-мекен тұрғындары малдың сүті мен етін сатып күнелтеді.

 

 

Култанов Байболат