МТРА жаңалықтары

Облыс орталығында жемқорлыққа қарсы акция ұйымдастырылды

Халыққа қызмет көрсету орталығына күн сайын 100-ге тарта адам келеді. Мұндағы мамандар тұрғындарға 200-ден астам қызметтің түрін ұсынады екен. Мәселен, қала тұрғыны Василий Петрушкин дәл қазір мүлігін заңдастырғандығын растайтын анықтама алу үшін өз кезегін күтуде. Зейнеткер бұл жердегі жастар өз жұмысын біледі әрі оны сапалы орындайды дейді.

Василий Петрушкин – қала тұрғыны:

-Мұнда кезегіңді көп күтпейсің. Барлығы жылдам әрі мамандар да көмек көрсетуге асығып тұрады. Негізі кез келген азамат өз құқығын білуі қажет. Бүгінгі шараға көңілім толды.

Бүгінде республикалық тізілімде барлығы 700-ден астам мемлекеттік қызмет түрі тіркелген. Олардың әрқайсысының орындалу стандарты бар.

Мақсат Қасымов – СҚО бойынша мемлекеттік қызмет істері департаменті басқармасының басшысы:

-Әрбір мемлекеттік қызметті ұсынудың мерзімі бар, тиісті құжаттар тізімі де көрсетілген. Бұл шара арқылы біз халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға көмектесімз. Егер де тұрғындардың шағымдары бар болса, онда олар жазбаша түрде арыз шағым түсіріп, істің мән-жайын біле алады. Ал біздің департаментіміз тұрғындардың құқығын қайта қалыпқа келтіруге қауқарлы.

Өткен жылы СҚО бойынша мемлекеттік қызмет істері департаментіне тұрғындардан 8 шағым келіп түскен. Оның әрқайсысы мамандардың жіті тексерісінен өтіп, 7-унің құқығы қайта қалпына келтірілген. Ал биыл әзірге солтүстікқазақстандықтар тарапынан бір де бір шағым тіркелмепті.

 

 

Айгерим Ержанова