МТРА жаңалықтары

15-наурыз Дүниежүзілік тұтынушылардың құқығын қорғау күні

Надежда Дубовая, СҚО тұтынушылар мен кәсіпкерлер құқығын қорғау қауымдастығының төрайымы:

-Сатып алатын тауардың сыртындағы таңбалануына, жасалған және жарамдылық мерзімдеріне басты назар аударған жөн. Көп заттарда ол түсініксіз әрі тым кіші шрифтермен көрсетілуі мүмкін. Мәселен, менің қолымдағы мына сүт 13-ші ақпанда жасалған. Ал жарамдылығы тамыз айының 19-ына дейін екен. Бұл тауардың табиғи еместігін көрсетіп тұр. Табиғи нәрсе көп дегенде 3 айға дейін ғана жарамды.

Тұтынушы сапалы нәрсені таңдап тұрып сатып алудан бөлек, кейін оның белгілі бір кемшілігіне көзі жеткен жағдайда қайтарып беруге де құқылы. Мұны сатып алғаннан кейінгі 14 күн ішінде ғана жүзеге асыруға болады. Тек дәрі-дәрмек, іш киімдер және өсімдіктер мен жануарлар қайтарып немесе айырбастап алатын тауарлардың қатарына жатпайды.

Гүлнәр Әбілмәжінова, Петропавл қаласы тұтытушылар құқығын қорғау басқармасының бөлім жетекшісі:

-Мысалы аяқ киім сатып алып, оның сапасының төмендігін кейін барып байқасаңыз қайтарып беруге немесе басқасына айырбастауға болады. Егер сатушы қайтып алмаса ол ұйымның басшылығына жүгінген жөн. Олар тұтынушы шағымынан кейін ешқандай әрекет жасамаса, кәсіпкерліктің үстінен сотқа арыз түсіре алады.

Былтыр солтүстіқазақстандықтардың тарапынан облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне 457 шағым келіп түскен. Нәтижесінде 631 тағамдық тауардың түрі айналымнан шығарылып, өндірушілерге жалпы соммасы 2 млн 802 мың теңгені құрайтын 12 әкімшілік айыппұл салынды. Олардың барлығы дерлік техникалық регламентке сай келмеген тауарлар.

Татьяна Горлова, СҚО тұтынушылар құқығын қорғау департаменті жетекшісінің орынбасары:

-Әр азаматтың денсаулығы маңызды. Сондықтан тауардың сапасына баса назар салған жөн. Бұл мақсатта 19 сүт өніміне сараптама жасадық. Олардың 2-уінің құрамынан физико-химиялық заттар табылса, енді екеуінің қорабындағы мәліметтер талапқа сай емес. Сондай-ақ, 49 ет өніміне, құс етінің 6 түріне сараптама жүргізілді. Олардың ешқайсының құрамы дұрыс болып шықты.

Дөңгелек үстел басында кәсіпкер мен тұтынушы арасындағы дауды сотқа дейін апармай медиация жолымен шешуге болатыны да сөз болды.

 

 

Акбопе Танирберген