Мәдениет

Солтүстікқазақстандықтар “Масленица” мейрамын тойлады

Көктемді қарсы алатын ежелгі славян халқының ұлттық меркесінде қар жауып, теріскейдің ауа райы қытымырлығын танытты. Десе де бұл жиылған жұртшылықтың билеп, ән салып көңіл көтеруіне кедергісін келтіре алмады.

Бір аптаға созылатын мейрамның әр күнінің өз атауы бар. Мәселен сейсенбі – дәмді тағамдар әзірлейтін, ал, жексенбі – кешірім сұрау күні. Мейрамның басты нышаны – құймақтар. Бүгін бұл тағамды пісіріп алып келген қала балабақшаларының ұжымы дастархан жайып, келушілерге дәм татқызуда.

Ботагөз Исмагулова, «Балдырған» балабақшасының тәрбиешісі:

-Дастархан жайып, құймақтар пісірдік. Барлығы көңілді өтуде.

Мұнда балаларға арналған түрлі ұлттық ойындар да өтуде. Зерек балалар бағанаға өрмелеп сыйлыққа қол жеткізсе, мықтылары күресіп бірін-бірі алып жықты. Жалпы мұндай 8 түрлі байқау ұйымдастырылған.

Диас Жаңаталапов:

-Мен сайысқа қатысып 1-ші орын алдым” барлығы ұнады.

Масленица – солтүстікқазақстанды мекен еткен түрлі ұлт өкілдерінің жыл сайын бірлесіп тойлайтын дәстүрлі мерекелерінің бірі. Олардың айтуынша бұл күндері дос-жарандардың үйін аралап, құймақтың түр-түрінен дәм татуға болады.

Мереке соңында сабаннан жасалған мүсін, яғни қарақшы жағылды. Ол қарды жібітіп, көктемнің келуін жақындатады деген сенім бар.

Бұдан соң христиан сеніміндегілер үшін үлкен ауыз бекіту шарасы басталады. Православ жамиғаты ет пен сүттен 40 күн бойына бас тартпақ.

 

 

Акбопе Танирберген