Ауыл шаруашылығы

Өңірде “Сыбаға” бағдарламасы бойынша барлығы 181 адам 1 млрд 200 млн теңгенің несиесін алған

Сүйіндік Әбішев – «Әбішев» ЖК директоры, М.Жұмабаев ауданы:

-Мал басын 60-қа жеткізуді жоспарлап отырмыз. Алдағы уақытта көбейетіндігіне сенімдімін.

Шаруашылықтың малын қысы-жазы Сүйіндік Әбішевтің ұлдары бағады. Ақылбек пен Дидар қораға таң сәріден кіріп, кеш бата бірақ шығады екен. Алдымен сиырларға шөп салады, содан соң жемдерін береді. Ал, түс ауа оларды суарады. Бұл жұмыс – үйдің кенжесі Ақылбектің мойнында. Жас жігіт мал асырау оңай емес. Тек ерінбей еңбектену қажет дейді.

Ақылбек Әбішев – «Әбішев» ЖК жұмысшысы, М.Жұмабаев ауданы:

-Біз мал жайлауға таңғы 5-тен шығамыз. Әрине, бастапқыда қиын болды. Содан бұл жұмысқа да үйреніп алдық. Қазір сиырларымыз күйлі болсын деп еңбектенеміз. Оларға беретін жем-азық жеткілікті.

Ал, мынау – сиырлардың биылғы төлдері. Жаңа туылған бұзаулардың қатары күн сайын көбеюде. Былтыр шаруашылық мал азығын молынан жинапты. Шабындық уақытта жігіттер 100 тіркеме шөп шауып, үйлеріне әкеліп үйіп алған. Оған қоса қора ішінен жаңадан құдық та қазыпты. Енді, Сүйіндік Әбішев 7 жылға мемлекеттен алған қаражатты қайтарғасын, тағы да дәл осы “Сыбаға” бағдарламасы арқылы мал басын артыруды жоспарлап отыр. Жалпы, өңірде ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 181 адам 1 миллиард 200 миллион теңгенің несиесін алған.

Айдар Төлеев – «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ СҚФ директорының орынбасары:

-2011-13 жылдары “Сыбаға” бағдарламасы арқылы 6160 бас ірі қара сатылып алынды. Сондай-ақ, өңірімізде “Ырыс” бағдарламасыда қарқынды жүзеге асып келеді. Мәселен, былтыр облыс аумағында 10 сүт фермасы ашылды. Бұл бағытта 850 бас сүтті бағыттағы зеңгі баба төлдері сатылды.

Биылғы жылы өңірлік Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры “Ырыс” бағдарламасы арқылы 550 бас сүтті бағыттағы ірі қараны сатып алуға несие беруді жоспарлап отыр.


 

Култанов Байболат