Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық сайлау комиссиясы сайлауға дайындықты тағы бір пысықтады

Денис Шуваев – СҚО ТЖД өрт қауiпсiздiгi саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бастығы:

-Сайлауды өткізу науқанына дайындық күшейтілді. Көктемгі су тасқынын ескере отырып 45 көлікпен қоса 200-ден астам құтқарушы кезекшілік атқаратын болады. Учаскелерде өрт қауіпсіздігі бойынша қолға алынған шаралар қаралып, ескерту қағаздары таратылды. Орын алған олқылықтар босла, олар наурыздың 18-іне дейін түзетілуі тиіс.

Саяси дода көктем айларына келгендіктен ауа райының да қас-қабағын баққан абзал. Өйткені, наурыз айы басталғалы құтқарушылар халықты боран мен көктайғаққа байланысты бірнеше рет ескертіп, жолдарды жапқан болатын. Қазірдің өзінде қауіпті тасқынның зардабы тиеді деген 7 елді мекен анықталып, оларда тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сайлау күні ауыл-аймақтар арасында қатынас үзілмеуі керек.

Мереке Дәулетбаев – СҚО жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

-Ауа райының тосын мінез танытуынан қазір облыстық бағыттағы бірқатар жолдарда қатынас қиындаған. Бүгіндері ондай учаскелерде 80-нен астам техника жұмыс істеуде. Ал, сайлау күні тәулік бойы кезекшілік жүргізіледі.

Уәлиханов ауданында 29 сайлау учаскесі жасақталған. Жалпы сайлаушылар саны 9 мыңнан асады. Естеріңізге сала кетейік, көктемгі су тасқынынан аталмыш аудандағы Құлыкөл ауылы жылда зардап шегеді. Осы ретте облыстық сайлау комиссиясының мүшелері саяси науқанда әрбір адамның дауыс беруін қамтамасыз ету қажеттігін айтты.

Біржан Хасенеев – Уәлиханов аудандық сайлау комиссиясының төрағасы:

-Су тасқыны кезінде Құлыкөл селолық округінде жағдай ушығуы мүмкін. Біз оны ескере отырып, қазір сол жерде толық дайындық шараларын жүргіздік. Еш қиындық туындамай, тұрғындар жақсы көңіл-күймен барып дауыс береді деген ойдамыз.

Осы ретте облыстық сайлау комиссиясының мүшелері аудан өкілдеріне әсіресе, су тасу қаупі бар аймақтарда науқанның өтуін ерекше бақылауда ұстауды тапсырды. Айта кеткен жөн, наурыздың 20-ы күні таңдау жасауға 390 мыңнан астам солтүстікқазақстандық қатыспақ.

 

 

Магжан Ахмадина