Аптадағы маңызды жаңалықтар

Биыл өңірде көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 4 млрд теңге субсидия бөлінеді.

Журналистер Қайрат Омаровтың баяндамасын тыңдап болған соң, күн тәртібінде тұрған сұрақтарды қойды. Биыл өңір агроқұрылымдары көктемгі дала жұмыстарына мамыр айының басында кірісуді жоспарлауда. Осы күні өңірге арзандатылған дизелдік отын мен жанар-жағармайдың 65,5 мың тоннасы бөлінді. Сұйық отынның тоннасы 95 мың 400 теңгеден сатылмақ.

Қайрат Омаров – СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

-Биыл 4,4 млн гектар егістік жерге бұршақты және дәнді дақылдар себілмек.
Осы күні аграрийлер тұқыммен 100 пайыз қамтылған. Өңірімізде 490 мың тонна тұқым қоры бар. Оның 5 мың тоннасы сырттан әкелінді.

Осы тұста журналистер астықтың кілегейлігі былтырғыдай төмен болмай ма деген сауалын қойды. Қайрат Омаров астықтың сапасы ауа райына тікелей байланысты деді. Қазіргі таңда көктемгі-дала жұмыстарына техника да сайлану үстінде.

Қайрат Омаров – СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

 

-Қазіргі таңда өңірімізде машина-трактор паркін жаңарту ісі жалғасуда. Облысымызда 1 мыңнан жоғары өнімді техника мен 14 мыңға жуық трактор бар. Былтыр “Казтехмаш” зауыты 46 комбайн шығарды, соның 22-сі егін жинау науқанына қатысты.

Тілшілерді көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру мәселесі қызықтырды. Өңір аграрийлеріне биыл да осы мақсатқа төмен пайызбен несие берілмек. Үстіміздегі жылы өңірдің АӨКешенін субсидиялауға 17,5 млрд теңге қарастырылған. Қаражаттың басым бөлігі мал және өсімдік шаруашылығын дамытуға бағытталмақ. Және үстіміздегі жылы СҚО-да 30 өңдеуші кәсіпорын іске қосылмақшы. Биыл отандық және шетелдік инвесторлар өңір аудандарында майлы дақылдар мен бидайды терең өңдеп, өсімдік майын шығаратын зауыттардың құрылысын бастайды.

Берік Қасен