МТРА жаңалықтары

Елімізде биыл мемориалдық тақталарды орнатудың жаңа ережесі қабылданды

Кеңес үкіметінің тұсында орысшаға өзгертілген 25 ауылға көне аттары берілді. Сондай-ақ, 57 көше қазақшаланды. Олардың басым бөлігіне Қазақстанға еңбегі сіңген қоғам қайраткерлері мен ақын-жазушылардың есімдері беріліпті. Сондай-ақ, облыстың 11 ауданы тарихи құжат негізінде қазақы атауға ие болған.

Сәуле Мәлікова – Солтүстік Қазақстан облысы мемлекеттік мұрағатының директоры:

– Тәуелсіздік алғаннан бері біздің облыста 13 ауданның 11-і қазақы атауға өзгертілді. Бүгінге дейін облыстағы кей ауыл аттары қазақшаланды.

Сондай-ақ, биылдан бастап елімізде ескерткіштер мен мемориалдық тақталарды орнатудың да жаңа ережелері қабылданған. Енді белгілі бір тұлғаға мемориалдық тақтаны орнату туралы шешім шығаруға арнайы комиссиямен қоса жергілікті атқарушы билік те қатысады.

Рақат Мамбеталинов – СҚО мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының бас маманы:

– Жаңа талапқа сәйкес ескерткіштер мәрмәр, гранит материалынан болуы тиіс. Сонымен бірге орнатылатын тақта екі метрден төмен емес биіктікте тұрғаны абзал. Елге еңбегі сіңген тұлғаларға мемориалдық тақтаны орнату туралы шешімді жергілікті билік өкілдері 30 күн ішінде шығарады. Бұрындары ол бірнеше айға дейін созылатын.

Басқосуда қала көшелеріндегі жарнамаларда кететін грамматикалық қателер жайы сөз болды. Өткен жылы өңірде мамандар көрнекі ақпараттарды орналастыруға қатысты жергілікті кәсіпкерлерге 200 ақпараттық көмек көрсеткен.

 

Бакыт Садуакасов