Спорт

СҚО-да Урал, Сібір және ҚР кубогі үшін автоспорттан жарыстың ақтық кезеңі ұйымдастырылды

Бескөл ауылындағы ипподромда дәл қазір 18 автошабандоз өзара бақ таластырмақ. Жалпы автоспорттан жарыс жыл сайын ұйымдастырылады. Бұған дейінгі 5 кезең Ресей мен Қазақстанның түрлі қалаларында өткізіліпті.

Юрий Проскурин – жарыстың бас хатшысы:


–  Түрлі себептерге байланысты жарыстың соңғы кезеңі ұйымдастырылмайтын болды. Бұл жолы сайыс 6-шы этаппен өтеді. Ол дәл қазір СҚО-да өткізілуде. Жалпы мұндай бәйгелерде атошабандоздардың шеберлігі сыналады. Өйткені, жарыс жолына олар тікенсіз дөңгелекпен шығуы қажет. Әрине, тайғанақ жерде жүру қиындық туғызады.

Мынау – кәдімгі ВАЗ 2109 бен Лада “Приоралар”. Олардың әрақайсысына кемінде 80 мың АҚШ доллары тұратын қозғалтқыштар орнатылған. Машина капотының астында 220 аттың күші бар. Бұл автошабандоздарға жарыс жолында 160 км/сағат жылдамдықпен ұйтқуға мүмкіндік береді. Жалпы спортшылар 1200 шақырым жерді 4 рет айналып өтулері керек. Қазір сөреге Михаил Форш дайындалу үстінде. Ол қысқы жарыста осымен екінші мәрте бақ таластырмақ.

Михаил Форш – автошабандоз, Петропавл қаласы:


–  Өзім автоспортпен екі жыл бойы айналысамын. Көлік жүргізгенді жақсы көремін. Қазір жарыс оңай болмайтынын сезіп тұрмын. Біріншіден, қарсыластар мықты, ал екіншіден жол тайғанақ, тікенсіз дөңгелекпен бұрылыстарда машина рөліне ие болу қиын. Бірақ, жеңіске жетуге тырысамын.

Автошабандоздар мұнда 16 айналымды бағындыру қажет. Әр айналымда 6 машинадан шығады. Мәре сызығын бірінші болып кескен спортшы 5 ұпайды еншілейді. Осылайша баллдар кеми береді. Ал соңғы болып келген спортшының қоржыны ұпайсыз қалады.

Мінекей мәре сызығын омбылық спортшы Сергей Зотов кесті. Ол 8-ші айналымда екінші болып келді. Қардың қалың болғаны біршама қиындықтар туғызды дейді.

Сергей Зотов – автошабандоз, Омбы қаласы, РФ:


–  Бұл бәйгенің басты қиындығы – ол қардың ұшқындауы. Машиналар жылдам жүріп өткенде артынан ақ ұлпа шаң секілді ауаға көтеріледі. Салдарынан жол көрінбейді. Бұрылыс қайда екенін байқамай, апатқа ұшырауың мүмкін. Міне, жаңа ғана алдымда бірнеше мықты автошабандоздар машиналарын аударып алды, соны пайдаланып мен екінші болып келдім.

Жылына бір рет ұйымдастырылатын темір тұлпарлардың бәйгесін тамашалауға бүгін солтүстікқазақстандықтар көптеп жиналды. Ауа райының аязды болғанына қарамастан барлығының көңіл күйі шат-шадыман.

–  Маған бұндай жарыстар өте ұнайды. Мен ипподромға көрермен ретінде екінші рет келіп, петропавлдық спортшыларға қолдау көрсетіп отырмын.

–  Бұл – нағыз ерлердің сайысы. Міне балаларымызды да әкеліп отырмыз, болашақта осылай көлік тізгіндеп қалар.

Жалпы өңірімізде ұйымдастырылған жарыстың 6-шы кезеңінде ресейлік спортшылар бәйгенің жеңімпаздары атанды. Ал алтын алқаны Роман Саблин иеленді, күміс жүлдені Александр Доберштейн қанағат тұтса, үздік үштікті Андрей Гирш тұйықтады. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер медаль, диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

 

Риат Шони