Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО-да “ППМЗ” ЖШС жарты жыл ішінде 40 млн теңгенің өнімін шығарды

Өз жұмысын Петропавл полимерлі материалдар зауыты өткен жылдың күзінде бастады. Алдымен құны 100 мың доллар тұратын мына құрылғы орнатылған. Кейін хош иісті, ылғалдандырылған майлықтарды шығару қолға алынды. Бір айдың ішінде зауыт шамамен 100 мың дана тауар өндіреді екен. Барлығы әлемдік стандарттарға сай жасалуда.

Сергей Зенченко – «ППМЗ» ЖШС зауыты директорының өндіріс жөніндегі орынбасары:

– Өндіріс барысында «спаинлис» материалы қолданылады. Майлықты дымқыл қылу үшін бізде арнайы суды тазалау молекулярлы деңгейде жүргізіледі. Негізгі шикізатты біз Мәскеуден алдырамыз. Барлығы таза. Арнайы киім мен медициналық қолғап киеміз.

Бүгінде мұнда майлықтың 20 түрі шығарылады. Өнім үлкендерге де, тіпті сәбилерге де арналған. Жыл басынан бері бұл серіктестікте 200 мыңға жуық тауар шығарылыпты.

Тимур Тоқмұхаметов – «ППМЗ» ЖШС зауытының директоры:


–  Әзірге, өнімдерімізді біздің облыста ғана саудалаймыз. Алдағы уақытта өзге өңірлердің нарығына шығу жоспарда бар. Қазір аймақтарда өкілдер іздестірудеміз.

Зауыт тамақ пен сүт өнімдерін қаптайтын 3 қабатты пленкалар да жасайды. 8 жыл бойы бұл серіктестік еліміздегі және облысымыздағы барлық сүт кәсіпорындарымен әріптестік қарым-қатынаста.

Владимир Коняев – «ППМЗ» ЖШС зауытының машинисті:


–  Маған басшымыз тапсырма береді. Қаптаманың қалыңдығы мен ені қанша болу керектігін айтады. Кейін мен сол схема бойынша керекті шикізаттарды дайындап, араластырамын. Мына экструдерде қаптама қыздырылып, бөлу үрдісі орындалады.

Өткен жылдың өзінде ғана полимерлі материалдар зауыты 40 млн теңгенің тауарын өндірген. Ал биыл олар бұл табысты 45 млн-ға дейін жеткізуді көздеп отыр.

Айгерим Ержанова