Көлік және жолдар

Республикалық маңыздағы тас жолдарда жүк көлігімен тауар тасымалдайтын жүргізушілердің арнайы рұқсат қағазы болуы тиіс

Жыл сайын көктем мезгілінде аталған жолдарда ірі габаритті және ауыр жүк көліктерінің жүруіне уақытша маусымдық шектеу енгізіледі. Бұл асфальт бетін бүлдірмеу үшін қолға алынатын шара. Қозғалыс шектеуі 1, 2 және 3 білікті ауыр жүк көліктеріне ғана қатысты.

Андрей Марков – СҚО бойынша көліктік бақылау инспекциясының бөлім басшысы:

– Министрліктің бекіткен бұйрығы бойынша 2 білікті көліктегі жүктің салмағы 18 тоннаға дейін болса, ал 3 осьті көлікте 25 тоннадан асып кетпеуі қажет. Бұған жүк көліктерінің “Камаз”, “Урал”, “ЗИЛ”, “ГАЗ” және “Газель” маркілерін жатқызуға болады. Солтүстік, Шығыс, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қарағанды, Ақмола мен Павлодар облыстары 4-ші жол-климаттық аймағына жатады. Аталған шектеулер халықаралық келісім негізінде жүк тасымалдайтын, жолаушылар және халық тұтынатын тауарлар, дәрі-дәрмек жеткізетін және гуманитарлық көмек көрсетуге бара жатқан жүк көліктеріне қатысты емес.

Қазақстандық және шетелдік жүк тасымалдаушылардың өңірдің республикалық маңыздағы жолдарында көктем уақытында ешбір кедергісіз жүріп-тұрулары үшін арнайы рұқсат құжаттары болуы керек. Былтыр жергілікті көліктік бақылау инспекциясы үлкен көлікпен жүк тасымалдайтын жүргізушілерге 1200-ден астам рұқсат қағазын берген.

Андрей Марков – СҚО бойынша көліктік бақылау инспекциясының бөлім басшысы:

– Жыл басынан 75 рұқсат қағазы берілді. Жүргізушілер тиісті құжатты алу үшін электрондық Үкімет порталы мен жергілікті Халыққа Қызмет көрсету орталықтарына барып өтініш берулеріне болады. Облыста заң бұзған жүргізушілерді анықтайтын 2 бекет жұмыс істеп тұр. Біріншісі – жылжымалы пункт өңір аумағындағы тас жолдарда тексеріс жүргізеді. Ал екіншісі – Новосібір-Челябі тас жолының 594-ші шақырымында орналасқан “Мамлютка” өткізу бекеті.

Қажетті құжатсыз көлік тізгіндеген жүргізушілер мен тауар иесіне деген заң талабы қатаң. Егер рөлде отырғандар заңды бұзса Әкімшілік құқықбұзушылықтар кодексіне сәйкес – 1000, ал жүктің иесі 100 АЕК мөлшерінде айып төлеуге міндеттеледі. Маусымдық шектеу жайлы жүргізушілер хабардар.

Альберт Баинбаев – жүк көлігінің жүргізушісі:

– Менің көлік тізгіндегеніме 20 жылдай болып қалды. Өз басым тас жолда маусымдық жүру талаптарын сақтаймын.

Юрий Эйзенбарт – жүк көлігінің жүргізушісі:


– Көлігім 20 тоннаға дейін жүк тасымалдауға қауқарлы. Маусымдық көлік қозғалысы шектеуін бұзған кезім болған емес.

Былтыр көтемгі маусымда инспекция мамандары ортақ тәртіпті елемеген көлік жүргізушілерге қатысты 5 әкімшілік іс қозғап, 2 миллион теңгенің айыппұлын өндіріп алған.

 

Бакыт Садуакасов