МТРА жаңалықтары

СҚО ІІД органдарында 300-ден астам әйел адам қызмет етеді

Бүгінде Диана – қалалық ІІБ есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімінің тәжірибелі аға жедел уәкілі.
Әріптестерімен бірге қылмыскерлерді құрықтауға да жиі шығып тұрады.

Диана Смағұлова – Петропавл қаласы ІІБ есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімінің аға жедел уәкілі:

–  Мен қала колледждерінің бірінде оқып жүріп, тәжірибеден өтуге осы қалалық бөлімге келдім. Өте ұнады, өзімді де жақсы қырымнан көрсеттім. Кейін біржола жұмысқа қалдым. Күн-түн демей жедел іздестіру қызметінде жүрдім. Бірнеше қылмыстың бетін ашуға септестім.

Диананың бұл ісін әйелге тән жұмыс деп айту қиын, әрине. Оңай мамандық емес. Жауын-шашында, аяз бен боранда да ол әріптестерімен бірге есірткі бизнесімен айналысатын қылмыскерлерді құрықтауға шығады.
Нәзікжанды жуырда үлкен бір операцияға, 100 келі марихуананы жоюға қатысыпты. Диананың жары Асан да полиция қатарында. Бүгінде тәртіп сақшыларының шаңырағында бір ұл мен бір қыз өсіп келеді. Екеуі де шығармашылыққа жақын дейді отанасы.

Диана Смағұлова – Петропавл қаласы ІІБ есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімінің аға жедел уәкілі:

– Кейде жұмысым жайлы жұбайыммен ақылдасып отырамын. Ол да маған бағыт-бағдар беріп тұрады. Әріптестерім де жақсы. Мені ешқашан шеттеткен емес. Үнемі қолдап жүреді.

Есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімінде Диана – ер адамдардың арасында жалғыз майор келіншек. Ал биыл оның қасына серік болып екі нәзікжанды жұмысқа алыныпты.

Данияр Найкин – Петропавл қаласы ІІБ есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімінің бастығы:

–  Біздің Диана – білікті, тәжірибелі маман. Өз ісінің шебері. Ол дер кезінде шешім қабылдай алады. Жауапкершілігі өте жоғары. Кәсіби азаматтармен жұмыс істеу өзіме ұнайды. Ішкі істер органдарында әйел азаматшалар да жұмыс істеу керек деп ойлаймын.

–  Айту керек, бүгінде полицей әйелдер қоғамдық тәртіпті сақтау мен қылмыстың алдын алуда ер азаматтермен иық тіресе еңбек етіп жүр. Мәселен. ІІД-нің түрлі құрылымдарында 300-ден астам нәзікжанды қызмет етуде. Олардың қатарында 3 полковник пен 23 подполковник бар.

Айгерим Ержанова