МТРА жаңалықтары

Ішкі істер қызметкерлері әйелдер қауымын мерекемен құттықтады

Олардың арасында шен тағып, парадтық киімін кигендерді де, бұрындары осы салада еңбек еткен ардагерлерді де көруге болады. Қолдарына қызғалдақ гүлін ұстаған нәзік жандылар облыстық филармонияның концерт залын ерекше шаттыққа бөледі. Осынау жарқын мерекемен оларды өңірдің бас полицейі Берік Біләлов құттақтады.

Берік Біләлов – СҚО ІІД бастығы:

– 8 Наурыз – ерекше жарқын мереке. Бұл – қыз-келіншектерімізге деген ерекше махаббат пен сыйластықтың белгісі. Сіздер сұлу да нәзік қалыптарыңызбен, ақыл-парасаттарыңызбен атқарған істті жетістікке бастайсыздар. Бүгіндері сіздер тек отбасы мен ошақ қасынан ғана табылмай, ерлермен қатарласа қиын жұмыстарды да атқарып жүрсіздер. Қылмыстардың алдын алуда, қоғамдық тәртіпті қадағалауда сіздердің атқарған жұмыстарыңыз өлшеусіз. Сондықтан, әйелдер қауымын мерекемен шын жүректен құттықтаймын.

Кейін залда отырған қыз-келіншектерге сыйлықтар табыс етілді. Жай сыйлық емес, министрлік наградалар, Алғыс хаттар мен Құрмет грамоталары. Полиция майоры Жұлдыз Бағыт 3-ші дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен марапатталды.

Жұлдыз Бағыт – Петропавл қаласы ІІБ кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі полиция бөлімінің учаскелік инспекторы:


–  Мен жасөспірімдермен жасалатын қылмыстардың алдын алу бағытында жұмыс жасаймын. Оңай деп айта алмаймын, десе де жұмысым өзіме ұнайды. Бүгін көңіл-күйім жақсы. Мереке, оның үстіне медаль алып жатырмын. Еңбегімді бағалағанға ризамын.

Әйелдер қауымының мерекесі көптеген нәзікжандылар үшін есте қалары анық. Өйткені, олардың бірталайы кезектен тыс шендерге ие болып отыр. Бұл күні залда отырған азаматшаларға көптеген тосын сыйлар ұйымдастырылды. Концертте астаналық «Формат» тобы өз өнерін көрсетті.

Бүгіндері облыстық ішкі істер органдарында 325 әйел азамат еңбек етеді. Олардың арасында ерлермен қатарласа, басшылық қызметтерде жүргендері де бар.

Магжан Ахмадина