МТРА жаңалықтары

“TECHNODOM” сауда желісінің қызметкерлері Ана үйіндегі жас аналарды мейраммен құттықтады

Дәл қазір нәзік жандыларды 8 Наурыз Халықаралық әйелдер мейрамымен Петропавл қаласындағы “TECHNODOM” дүкенінің қызметкерлері құттықтауға келмек.

Ғалия Балтабаева – “Ана үйі” қоғамдық қорының Петропавл қаласы бойынша үйлестірушісі:

– Қазір бізге “TECHNODOM” дүкенінің өкілдері келіп жас аналарды мейраммен құттықтайды. Ол бізді қуантады.

Мінекей үйге құрметті қонақтарда келді. “TECHNODOM” дүкенінің Петропавл қаласы бойынша менеджері Борис Семикопенко жас аналарға сыйлықтар табыстап, жыл сайын көктем шуағымен ілесе келетін көрікті мерекемен құттықтады. Негізі облыс орталығында тұрмыстық және сандық техникалар саудалайтын “TECHNODOM” дүкені 2008-ші жылы ашылған. Содан бері түрлі қайырымдылық шараларға қатысып, көмек көрсетуде.

Борис Семикопенко – “TECHNODOM” дүкенінің Петропавл қаласы бойынша менеджері:

– “TECHNODOM” сауда желісі мұндай шараны ел аумағында өткізіп жатыр. Яғни Қазақстанның қай қаласында біздің дүкеніміз бен дәл осындай “Ана үйі” болса, онда қызметкерлер міндетті түрде сыйлық апарып, мерекемен құттықтайды. Негізі бұл игі бастаманы “TECHNODOM” сауда желісінің иесі Эдуард Ким қолға алды. Бұл акция арқылы біз жас аналарға тек дүкеннің ғана көмегін емес, сонымен қатар ер азаматтардың да олардың тағдырына бей-жай қарамайтындығын көрсеткіміз келді.

Жалпы Ана үйінің Петропавлда ашылғанына екі жылға жуық уақыт өтіпті. Осы күнге дейін мұнда 18 жас ана қамқорлықта болған екен. Жалпы бұл жерге қиындыққа тап болған 18 бен 30 жас аралығындағы әйелдер келе алады. Сондай жандардың бірі Светлана Сосновская. 21 жастағы нәзік жанды басында баспанасы болмған соң осыдан 1 жыл бұрын жаңа туған баласымен Ана үйіне келіпті. Үшінші топтағы мүгедек талай қиындықтыда көрген. Не болса да баласынан бас тартпауды шешіпті.

Светлана Сосновская – жас ана:


– Мен мұнда келгенде бірде-бір құжатым болмаған. Өте ауыр жағдайда едім. Бірақ Ана үйінің басшылығы барлығын қайтадан бастауға көмектесті. Ал мұндағы әйелдер маған баламды қалай киіндіріп, қалай жуындыру керектігін үйретті. Басында барлығы қиын болған, ал қазір үйреніп кеттім. Алғысым шексіз.

Бүгінде аналар үйінде 2 бос орын бар. Сондықтан көмекке мұқтаж қолында сәбиі бар жалғызбасты нәзікжандылар үшін орталықтың есігі әрдайым ашық.

 

Риат Шони