МТРА жаңалықтары

Петропавлдағы екінші ЖЭО-нда 300-ге жуық әйел адам жұмыс істейді

Қазандық температурасын бақылау, қызметкерлердің жұмысын қадағалау және оларға нұсқаулық беру. Бұл салаға ол сонау 85-ші жылдары келген.

Алғашында 21 жасар ару қазандық құрылғыларын аралаушы болып орналасқан. Жыл сайын ол өзінің біліктілігін арттырып, еңбекке деген талпынысының арқасында қазандық цехының басшысына дейін көтерілді. Бүгінде оның қарамағында 75 адам қызмет етеді.

Гүлнәр Жарасбаева – «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ Петропавл ЖЭО-2 қазандық цехының басшысы:

– Мен жұмысқа таңғы 7-де келемін. Жұмысшылардан барлығын қабылдап аламын. Түнгі аусымда қандай өзгерістер болғанын анықтаймын. Арнайы жедел журналды тексеріп шығамын. Кейін бір күнімізді жоспарлап, қызметкерлермен бірге жиналыс өткіземіз.

Айта кеткен жөн, екінші жылу электр орталығы қазандық цехының басшысының қол астында бүгінде 55 ер мен 20 әйел адам жұмыс істейді.

Гүлнәр Жарасбаева – «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ Петропавл ЖЭО қазандық цехының басшысы:

 


–  Кішкентайымнан ұлдармен ойнайтынмын. Қыздарға қарағанда олармен тіл табысу оңай еді. Сол кездері қасымдағы құрбыларым стюардесса немесе сатушы болуды армандаса, мен дәнекерлеуші болғым келді. Мектеп бітірген соң, мамандық таңдауда еш ойланбастан, энергетика саласына оқуға түстім. Студенттік шағым Алматы қаласында өтті.

Гүлнәр Жарасбаева Петропавлға Жамбыл облысынан келген. Осы жерде ол өзінің өмірлік жарын тауып, екі баланың анасы атанған.

–  Бүгінде екінші жылу электр орталығында Гүлнәр Жарасбаева сынды 300-ге тарта нәзікжанды жүмыс істейді. Бірі машинист, оператор болса, енді бірі темір ұстасы қызметінде жүр.

Айгерим Ержанова