МТРА жаңалықтары

Көз қуанышына айналған төртем қыздар

Әке-шешесінің зарығып күткен перзенттері араға 11 жыл салып, бір күні, бір сәтте дүниеге келген. Десе де мінездері мен түрлері бір-біріне мүлде ұқсамайды. Қыздар өздерін камераға түсіргенге де әбден үйреніп алған. Еш қысылмастан өнерлерін ортаға салды.

Балақайлар ән айтып болғаннан кейін көрермендерінің алдында бастарын иуді де ұмытқан жоқ. Ал, бұл – қыздардың жатын бөлмесі. Аядай үйде асыр салып ойнайтын қыздардың ойыншықтары да бірдей. Әке-шешесі төртеуіне бірдей киімді де тапсырыспен алдырады екен.

Елизавета Иванова:

– Мен жоғарыдағы төсекте, ал, Тоня менің астыңғы жағымда жатады, Катя да жоғарыда, Маша төменде ұйықтайды. Мен әпкелерімді жақсы көремін.

Анасының айтуынша қыздардың мінездері әр қилы. Алғаш дүниеге келгенде 4 балаға қару оңай болмаған. Ал қазір есейіп қалған олар аналарына қолғабыс етеді. Балақайлардың ішінде бірден көзге түскені – Екатерина. Өзге сіңлілерінен қос тұлымының қысқалығымен ерекшеленетін ол биікке өрмелеу, секіру жағынан алдына жан салмайды. Қолды аяққа тұрмайтын ширақ. Ал, оның әпкесі Антонина керісінше отырған жерінен табылатын момақан екен.

Светлана Иванова, төртемдердің анасы:


–  Маша болса сондай тілалғыш, үй жинап маған көмектескенді, жазып, сурет салғанды ұнатады. Ал, Лиза қызба мінезді. Айтқанын істетеді. Өзі қаламаған нәрсені өмірі жасамайды. Сәнқой. Тәттіні жақсы көреді. Барлығының өз ерекшелігі бар.

Ал отағасы нәзікжандылардың халықаралық мейрамы жақындаған сайын уайымым күшейеді дейді. Бірден 5 бірдей аруға сыйлық жасау оңай ма?

Андрей Иванов, төртемдердің әкесі:


–  Барлығына гүл аламын. Тәттілерді де ұмытпаймын. Үлкен торт алып отбасымызбен отырамыз. Ал қыздарға керек заттарды анасымен бірге аламыз. Жұбайыма үлкен рахмет айтамын. Осындай қуаныш сыйлағаны үшін.

Үйдің егесі болашақта бір ұл баланың болғанын қалайтынын да жасырып қалмады. 4 қызды бағып-қағуға әкелері аналарынан кем тер төгіп жатқан жоқ.

 

Акбопе Танирберген