Спорт

Петропавлдық “Құлагер” ХК “Теміртау” командасын қарымта кездесуде тізе бүктірді

-Бірінші кезеңде жерлестеріміз шыны керек осалдық танытты. Бір емес бірнеше шайба салатын мүмкіндік болған еді. Алайда, хоккейшілеріміз гол соға алмады. Келесі периодтарда есепті біздің жігіттер ашады деп ойлаймын.

-Мен құлагер командасының жанкүйерімін. Бүігін олар бесте ноль есебімен жеңіске жетеді. Өйткені олар мықты.

Екінші периодта ойын өрнегі бірден өзгерді. Бұл ретте теріскейлік жігіттердің белсенділігін айта кеткен жөн. Белан бапкердің шәкірттері мұз айдында түсіністік танытып, қарсылас қақпа маңында бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Кездесудің 27-інші минутында әріптесі Владислав Никулиннан қабылдаған шайбаны Александр Егоров пайдасына жаратып көптен күткен шайба авторы атанды.

Гол жіберіп есеңгіреген Теміртаулық жігіттер есепті теңестірмек түгілі құлагерлік қақпашы Джон Мюррейдің алаңына жақындай да алмады. Ал, соңғы кезеңде бірінші ойын бөлігінің сценариі айна-қатесіз қайталанды. Шайба бірде қарсылас хоккейшілерде болса, бірде теріскейлік жігіттерден табылды. Жанкүйерлер кездесудің тағдыры 1 ғана голмен шешілді деп ойлаған. Алайда, ойынның соңғы секундтарында қорғаушы Лукаш Мартинка теміртаулық қақпадан саңылау тауып, матчтың нүктесін қойды.

Осылайша қарымта матча екі де ноль есебімен теріскейліктердің пайдасына шешілді.

Максим Волков – “Құлагер” ХК шабуылшысы:

-Қарсыласпен өткен екі ойында өте тартысты болды. Бүгінгі матчта жылдам гол соғу біздер үшін қиынға соқты. Алайда, ұжымдағы жігіттер намысқа тырысып екі бірдей шайба салды. Плей-офф кезеңінде сүрінуге болмайды. Ұтылсақ жартылай финалға өте алмаймыз. Бізге қолдау танытқан жанкүйерлерге алғысым шексіз.

Қос матчта да қарсыластан басым түскен жерлестеріміз плей-офф кезеңін сәтті бастады. Енді құлагерліктер 6 наурыз күні теміртаулықтармен сырт алаңда өтетін ойында жеңіске жетсе жартылай финалға жолдама алады.

 

 

Култанов Байболат