Спорт

Петропавлда шаңғымен бағдарлау спортынан ел чемпионаты бастау алды

-Әр спортшыға жүктілеген тапсырма күрделі. Олар шаңғымен сырғанап 4 км қашықтықты бағындыруы тиіс. Оның үстіне ойдым-ойдым дөң арасынан барлық 28 пунктті іздеп табулары керек. Бұл үшін компас пен картаның көмегіне жүгінеді.

Еламан Мейрамның бұл қызықты спорт түрімен айналысқанына 5 жыл. Алматы қаласының намысы қорғайтын ол мақсатым – Спорт шебері атағын алу дейді.
Алға қойған міндетті орындау үшін аяққа шаңғы байлап алып, тынбай дайындалу керек. Бұл ретте Еламанға Алматының қарсыз ауа райы да кедергі бола алмаған.

Еламан Мейрам, жарысқа қатысушы, Алматы қаласы:

-Алматыда қазір қар жоқ. Оған қарамастан дайындығымды үзбедім. Ең мықты командалардың бірі жергілікті – СҚО командасы. Жеңістен үміттімін.

Спортшының беліне байланған арнайы құрылғыда карта бар. Онда әр пункттің орналасқан жерлері көрсетілген. Бұралаңы көп жолдан кедергілерді айналып өтіп, белгіленген жерлерге уақытында жетуі тиіс. Ол үшін спортшының бойынан тапқырлық пен шапшаңдық қатар табылуы қажет. Ал мына құрылғы арқылы жарысқа қатысушының барлық белгіленген нүктелерде болған-болмағаны айқындалады.

Юрий Чуприков, облыстың шаңғымен бағдарлау спорты бойынша аға жаттықтырушысы:

-Бүгін біздің өңірде 39 жылда бірінші рет шаңғымен бағдарлау спортынан чемпионат өтуде. Қазір бұл ерекше спорт түрі әлем елдерінде дамып келе жатыр. Облыста спорттық бағдарлаумен айналысамын деген жастар көбейіп келеді.

Жарыстың соңғы күні жеңімпаздар анықталып, барлық қатысушылар диплом және медальдармен марапатталады.

 

 

Акбопе Танирберген