Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңір жетекшісі Ерік Сұлтанов қарт-аналарды 8-ші Наурыз Халықаралық Әйелдер күнімен құттықтады

Күлке Әубәкірова – көпбалалы анна:

-9 жастан бастап жұмысқа кірістік, анам қой да бақты, сонда шешеммен бірге жүрдім. Балалық дәурен болғаны жоқ бізде. Жетімшілік, жоқшылықты бастан кешірдік. Енді Жамбыл атамыз айтып кеткендей мынадай заманда жасай бергің келеді. Жақсылықпен, қуанышпен өмір сүріп жатырмыз. Осындай Елбасымыз аман болсын!.

Кейуананың ұл-қыздары да өз алдына жеке шаңырақ көтерген. Олар осы күнге дейін жеткен жетістігіміз, еңсерген асуларымыз анамыздың арқасы, – деп біледі.

Күлке Әубәкірова облыс орталығына ауданнан 98-ші жылы көшіп келген екен. Содан бері зейнетке шыққанға дейін мектеп асханасында еңбек еткен.
Бүгін 12 құрсақ көтерген ананы облыс әкімі Ерік Сұлтанов 8 Наурыз мерекесімен құттықтады.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Үлкен мерекенің қарсаңында бүгін сізге келіп отырмын. Мына сіздерге, апаларға, аналарға арналған құрмет күні алдымызда. Осы мерекеде сізге зор денсаулық, бала-шағаны, отбасында ұзақ ғұмыр кешіңіз. Еңбек жолыңыз, өміріңіз бәрі жастарға үлгі – өнеге.

Бұдан кейін өңір жетекшісі ҰОС ардагері Анна Васянованың үйіне де соқты. Облыс әкімі кейуанаға азық-түлікке толы себет пен гүл шоғын табыстап, денсаулығын сұрап білді. Мордовия елінің тумасы соғыс жылдары әскери госпитальдің хирургия бөлімінде жауынгерлерді емдеуге көмектескен.

Анна Васянова – Ұлы Отан соғысының ардагері:

-4 жылға созылған сұм соғыс ешбір жанұяға оңай тимеді. Көп қиындықты бастан кешірдік. Біз майдан даласында жарақаттанған сарбаздар мен офицерлерге көмек көрсеттік. Ол жылдардағы қан-төгісті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Қазіргі жастар бақытты, бейбіт өмірді бағалап, қадірін білсе деймін.

Қанды майданды көзбен көрген нәзікжанды 54-ші жылы өңірге тың игеруге келіп, осы өлкеде қалуды ұйғарыпты. Бейбіт күндері де кейуана облыстық ауруханада дәрігер болып қызмет атқарып, сол жерден құрметті зейнет демалысына шыққан. Жасы ғасырға жуықтаған жерлесіміз қазір 3 баласынан 6 немере сүйіп отыр.

 

Бакыт Садуакасов