Қоғам

Теріскейлік нәзік жанды трактордың қыр-сырын жетік біледі

Людмила Коробейникова – Новокаменка селосының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

-Мен 1977 жылы трактор жүргізу куәлігін алдым. Содан бастап ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеп келемін. Жас кезімде үйге даладан отын тасып, шабындықта трактормен шөп те шаптым. Өзіме бұл іс қатты ұнайды.

Бүгін Людмила Коробейникова өзінің “ЮМЗ 6” көлігімен маңайды қардан тазаламақшы.

Тракторды нәзік жанды емін-еркін басқарады. Ауланы қардан азғантай уақыттын ішінде тазалап, барлығын тап-тұйнақтай етті. Алайда, жұмыстың енді аяқталар сәтінде ескі көлік кенеттен істен шықты. Мұндай сәтте Людмилаға үйдегі жолдасы қол ұшын береді.

Ауыр машинаны Людмила мен жолдасына оталдыру қиынға соққан жоқ. Олар трактордың ақауын бірден тауып іске қосты. Жалпы, техниканы жөндеу де нәзік жандының қолынан келеді екен.

Людмила Коробейникова – Новокаменка селосының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

-Трактор істен шыққанда бірден жөндеуге кірісемін. Өзім көліктің құрылысын жақсы білгендіктен бұл шаруа маған аса қиын емес. Ал, тіпті күрделі жағдай бола қалса жолдасым көмектеседі. Екеуміз асықпай отырып машинаны жөндейміз.

56 жастағы Людмила Коробейникова білікті маман ғана емес ардақты ана да. Ол 2 бірдей қыз тәрбиелеп өсірді. Білікті механизатор село тұрғындары арасында да сыйлы. Ол күзде орақ науқанына қатысса, жазда шабындықта шөп шауып жерлестеріне жәрдемдеседі. Қыста да қол қусырып отырмайды.

-Трактор жүргізу ер азаматтардың жұмысы деп жатамыз. Алайда бұл Людмила Иванованың сүйіктісі ісі. Ол қолы босағанда селодағы көрші-қолаң, туған-туыстарының үйінің маңын қардан тазалайды.

 

 

Култанов Байболат